Қызылордада әйел фитнес-клубты сотқа беріп, 1 млн теңге өндіріп алды
Алайда фитнес-клуб бұл шешіммен келіспей, облыстық сотқа шағымданды
Кызылорда қалалық сотына әйел кісі фитнес-клубтан материалдық және моральдық шығынды өндіріп алу туралы талап арыз берді. Талапқа сәйкес, 54 жастағы әйел фитнес-клубта ылғалды еденнің салдарынан сүрініп, су кулері жанында құлап қалған, деп хабарлайды Azattyq Rýhy kyzylorda-news.kz сайтына сілтеме жасап.
Дене жарақатын алған әйелдің жағдайы нашарлап, жедел жәрдем шақыруға мәжбүр болған. Жарақаттарының салдарынан ұзақ уақыт емделіп, жұмысқа бара алмаған, жалақы алмағандықтан емделуге қаражат жетпеген, төсек тартып жатқан, әлі де денсаулығы қалпына келмеген.
Талапкер Ұлттық травматология және ортопедия ғылыми орталығында емделген.
Фитнес-клубта жарақат алғаны туралы факт медициналық мекеме қоңырауларын тіркеу журналындағы жазбалармен және басқа құжаттармен расталған.
Сот фитнес-клуб тарапынан тұтынушының денсаулығы мен қауіпсіздігіне қажетті шаралар қабылданбаған деген қорытындыға келді.
Сондықтан талапкердің талаптары қанағаттандырылды: фитнес-клубтан әйелдің пайдасына материалдық зиян мен моральдық шығын үшін 1 миллион теңгеден астам өтемақы өндірілді.
Алайда фитнес-клуб бұл шешіммен келіспей, облыстық сотқа шағымданды.
Апелляциялық сот істің мән-жайын зерттеп, бірінші сатыдағы сот шешімін өзгеріссіз қалдырды, апелляциялық шағымды қанағаттандырмады.