Хакерлер қазақстандық банктердің бірін де бұзған
Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы ірі BreachForums хакерлер форумынан тараған мәліметтерге талдау жасады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Өткен аптада «emo» деп тіркелген Telegram қолданушысы BreachForums хакерлер форумының толық деректер базасын желіге жариялады. 2022-2023 жылдар аралығында жұмыс істеген форум зиянды бағдарламалық жасақтамалар мен ұрланған деректерді сату саласындағы қызметімен танымал. Осы форумның әкімшісі былтыр тұтқындалған болатын.
BreachForums форумында Қазақстаннан болжаммен 15 хакер тіркелген.
«Желіге тарап кеткен деректерде 2022 жылғы 29 қарашаға дейінгі бүкіл мәлімет, соның ішінде қолданушылардың идентификаторлары, хештелген парольдар, жеке хаттар, криптовалюттік адрестер мен сайттағы барлық хабарлама бар», - деп мәлімдеді Кибершабуылдарды талдау және тергеу орталығы.
Желіге таралған деректердің арасында отандық ресурстар да анықталды:
«Кейбір мағлұматтарға сүйенсек, бұл мәліметтер ресурстың бұрынғы админі – Конор Брайан Фитцпатридің деректер базасының бэкапынан (резервтік көшірме) алынған. Бұған қоса, форум қатысушыларының әртүрлі хаттары да бар. Олардың бірінде маңызды қазақстандық банк бұзылғаны айтылады. Қазіргі таңда деректер базасы құқық қорғау органдарында», - деді TSARKA Group негізін қалаушы Олжас Сәтиев.
Орталық атап өткендей, желіге басқа елдердің де деректері тарап кеткен.