Дәретханаға жарымаған Алакөл - мәселені шешуге әлі екі жыл керек
Болашақта 2 млн турист келеді деген жоспар бар
Еліміздегі негізгі демалыс аймағының бірі Алакөлде әлі күнге дейін канализация жүйесі іске қосылмаған. Әр кәсіпкер септик қазып алып, күн көріп жүр. Жағалауда орналасқан Ақши, Көктұма ауылдарына жыл сайын келіп демалатын адамдар саны миллионнан асқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Былтыр Алакөлдің Жетісу облысы жағына 1,6 млн турист демалуға келген. Жағажайдың ұзындығы 13 шақырым болса, онда бар болғаны 8 дәретхана жұмыс істейді. Жетісу облыстық Кәсіпкерлік және инновациялық, индустриялық даму басқармасы басшысының орынбасары Данияр Ысқақовтың сөзінше, Ақши ауылының кәріз жүйесін қалпына келтіру жұмыстары 2021 жылы басталып, жауапсыз мердігердің кесірінен аяқсыз қалған. Қазіргі күні кәріз жүйесі бойынша жоба-сметалық құжаттама түзетіліп жатыр.
«Содан кейін 7 мың кубтық ірі кәріз қондырғысы осы екі ауылда жұмыс істейтін болады. Жазда максималды күшімен жұмыс істеп, қыста тоқтайды. Ақши ауылының кәріз жүйесін қалпына келтіру жұмыстары 2021 жылы басталған, бүгінгі таңда 95 шақырым кәріз жүйесі салынып бітті. Кәріз қондырғысын салу жұмыстары жүргізілуде, ол алдағы 2 жылда аяқталады», - дейді ол.
Айтуынша, бөлінген қаражаттың көлемі - кәріз жүйесіне 1 млрд, кәріз қондырғысына 7 млрд теңге.
Алакөлдің бойында 302 демалыс орны жұмыс істейді. Жыл соңына дейін 8 нысан іске қосылмақ. Демалыс орындарында дәретхана мәселесімен қатар электр жүйесімен қамту проблемасының төбесі көріне бастаған. Данияр Ысқақовтың сөзінше, Ақши, Көктұма ауылдарының электр жүйесі толық қуатымен, шегіне жетіп жұмыс істеп тұр.
«Оны дамыту үшін «Бескөл- Ақши» электр желісін тарту жұмыстары жүргізіліп жатыр. Құжаты дайын, келесі жылы жұмысы басталады. Мұның арқасында электр қуаты 2-3 есе артады», дейді жергілікті шенеунік.
Сонымен қатар, миллионнан астам турист келетін 13 шақырымдық жағалаудың қоқысын 32 адам күнделікті тазалайды.
«Әр 200-300 метр сайын қоқыс жәшіктері қойылған. Бірақ келушілер қоқыстарын жәшікке тастамайды. Бізге мәдениетті дамыту керек»,- деді Данияр Ысқақов.
Visit Zhetysu туристік ақпараттық орталығының дерегінше, алдағы уақытта келушілер санын 2 миллионға жеткізу жоспарда бар.