Сәуір айында сенім телефонына 500-ден астам қоңырау түскен
Қазақстанда тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарына арналған жедел телефон желілерінің бірінде 2020 жылы сәуір айының бірінші жартысында осы жылдың ақпан айымен салыстырғанда шағымдар саны 50% артқан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy тілшісі БҰҰ баспасөз орталығына сілтеме жасап.
БҰҰ таратқан хабарламада пандемия кезінде гендерлік теңсіздік айқындала түскені жазылған. Ал «Тұрмыстық зорлық-зомбылықты қалай тоқтатамыз?» атты онлайн брифингте «Дағдарыс орталықтарының одағы» ЗТБ басқармасының директоры Зүлфия Байсақова сәуір айында сенім телефонына түскен қоңырау саны артқанын мәлімдеді.
«Қаңтар айында тұрмыстық зорлық-зомбылық бойынша сенім телефонына (Call-center: 150) 150 қоңырау түссе, сәуір айында 500-ден астам қоңырау түскен. Егер жәбірленуші телефон шала алмаса, онда ол тәулік бойы қосулы тұрған WhatsApp нөміріне SMS жібере алады. Осы уақытқа дейін мессенджерге 120-дан астам хабарлама келіп түскен. Күн сайын бұл хабарламалардың саны артуда», - деді ол.