СҚО-да жарты жылда өндірісте 2 адам мерт болды
СҚО-да 14 жазатайым оқиға тіркелді

Солтүстік Қазақстан облысында жыл басынан бері өндірісте 14 жазатайым оқиға тіркелді, салдарынан екі адам мерт болды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«ҚазАқпарат» агенттігінің хабарлауынша, СҚО мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының мәліметінше, биыл Петропавлдағы «Чистотел» ЖШС-де жазатайым оқиға болып, бір адам жұмыс орнында қайтыс болды.
Осыған байланысты құрылған комиссия тергеу жүргізіп, жұмыс берушінің кінәсін анықтады. Яғни, кәсіпорын басшысы жұмыс өндірісін дұрыс ұйымдастырмаған, қауіпсіз еңбек ету техникасын оқытуда кемшіліктер жіберген.
Мемлекеттік еңбек инспекторлары жұмысшылардың уақытында еңбекақы алуын да назарда ұстайды. Биыл мамандар 251 адамның жалпы сомасы 63,2 млн теңгеден астам еңбекақы ала алмай жүргенін анықтаған. Жұмысшыларына еңбекақы бойынша берешек кәсіпорындарға айыппұл салынып, жұмысшыларына қарызды толық өтеу міндеттелді.