Павлодар облысында ана атанған 12 жасар қыздың оқиғасы бойынша туысы күдікке ілінді

Azattyq Rýhy

Қызды зорлау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде

Павлодар облысында ана атанған 12 жасар қыздың оқиғасы бойынша туысы күдікке ілінді
Фото: depositphotos.com

Павлодар облысында ана атанған 12 жасар қыздың оқиғасы бойынша туысы күдікке ілінді. Бұл туралы Павлодар облысы бойынша бала құқықтары жөніндегі өңірлік уәкіл Сәуле Шәкенева мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жергілікті Pavlodarnews.kz-ке сілтеме жасап.

«Жәбірленушінің туысы күдікті деп танылды. Қамауға алынды», – деді  Сәуле Шәкенева.

Қызды зорлау фактісі бойынша Қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-бөлігі бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілуде. Іс сәуір айында тіркелген. Қазіргі уақытта сот-психиатриялық сараптама жүргізілуде. ҚІЖК-нің 201-бабы негізінде басқа да мәліметтер жария етуге жатпайды.

Облыстық білім беру басқармасының мәліметінше, оқиға 19 шілдеде Шарбақты ауданында болған. Бұған дейін қыздың отбасын Галкин ауылдық округі әкімдігінің жедел әрекет ету тобы көпбалалы және аз қамтылған отбасы ретінде анықтап, атаулы әлеуметтік көмек тағайындалған. Әкесі Галкин мектебіне жұмысқа орналастырылған.

«Қыз аталған оқу орнында оқиды. Жүктілік фактісін мектеп әкімшілігі оқушылардың көктемгі демалысынан шыққаннан кейін анықтады. Бекітілген алгоритмге сәйкес аталған факті туралы ақпарат тиісті органдарға берілді. Қыз бен анасы бірден ауруханаға жеткізілді», – дейді басқармада. 

Қазіргі уақытта Шарбақты ауданының ішкі істер органдары тергеу жүргізуде. Тергеу шеңберінде ақпарат тергеу іс-шаралары аяқталғанға дейін жария етілмейді. Шарбақты ауданы білім беру бөлімінің басшысы қатаң сөгіс алды. Еңбек шарты бір жылға ұзартылған мектеп директоры зейнеткерлікке шыққаннан кейін мектепте жұмыс істеген. Жазда еңбек шарты мерзімі аяқталған кезде өз қалауы бойынша өтініш жазып, жұмыстан шыққан. 

Павлодар облысы денсаулық сақтау басқармасының ақпараты бойынша, оқушы 19 шілдеде облыстық перинаталдық орталыққа түскен, 20 шілде күні босанған. Ана мен баланың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланады.

Бұған дейін Павлодар облысында 12 жасар қыздың ана атанғанын жазғанбыз. Аталған фактіге қатысты қызметтік тергеу жүргізілуде. Жасөспірім тамыз айында 13 жасқа толады.

×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.