Күдікті ауыр қылмыс жасағанын мойындады
Алматы полицейлері тағы бір есірткі зертханасын жойды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Күдікті ретінде 23 жастағы жігіт ұсталды.
Ол жалға алған үйінде есірткі зертханасын ұйымдастырған. Тұрғын үйді тінту кезінде өсімдік тектес заты бар полиэтилен байламдары, иісі бар ұнтақ зат, қабаттасатын магнитті араластырғыш, электронды таразылар, шыны ыдыстар, тарелкалар, пробиркалар, прекурсорлары бар байламдар, сұйықтығы бар бөтелкелер, шикізаты бар канистрлер және басқа да зертханалық құрал-жабдықтар табылды және тәркіленді.
Қаскөй өзімен бірге тұратын әйелдің және кәмелетке толмаған інісінің көзінше қылмыстық әрекетті жасаған.
«Күдікті ауыр қылмыс жасағанын мойындады. Ол қамауға алынды», — деді, Алматы қалалық ПД есірткі қылмысына қарсы күрес басқармасының бастығы Мұрат Жұмабай.
Сараптама қорытындысына сәйкес, тәркіленген заттар – синтетикалық мефедрон есірткі заты. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды.