Олжас Бектенов ауыл және кенттерді аралады
Жұмыс кестесінен артта қалу байқалған Батыс Қазақстан және Ақтөбе облыстарының ауылдары мен кенттеріне премьер-министр Олжас Бектенов жұмыс сапарымен барды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Батыс Қазақстан облысында Үкімет басшысы Теректі ауданындағы Подстепное ауылында, Деркөл кентінде және Орал қаласындағы «Жұлдыз» ықшамауданында болды, мұнда жалпы саны 400-ге жуық тұрғын үй құрылысы жүргізілуде. Тексеру барысында алдағы суық мезгілді ескере отырып, жұмыс қарқыны мен тұрғын үй инфрақұрылымының қоныстануға дайындығын қамтамасыз ету мерзімдері бағаланды.
«Өңір қажетті қарқын алуы керек. Сапалы, қауіпсіз және жайлы тұрғын үймен қамтамасыз ету міндеті – Үкіметтің негізгі басымдығы. Барлық құрылыс нысандарында бақылауды күшейту қажет. Облыста баспаналарын күтіп, уақытша жерлерде тұрып жатқан отбасылар қатары көп. Құрылыс жұмыстарын жеделдетіп, 2-3 ауысымдық жұмыс кестесіне көшу қажет. Толық жұмылдыруды қамтамасыз етуді тапсырамын», — деді Олжас Бектенов.
Сонымен қатар инженерлік желілерді, жол және әлеуметтік инфрақұрылымды қалпына келтіру бойынша тапсырмалар берілді.
Жаңа тұрғын аудандардың жанында 1 500 орынға арналған «Жайлы мектептердің» құрылысы жүргізілуде. Облыс әкімдігінің мәліметінше, жұмыстар биылғы күзде аяқталады.