«Мақсат – бір ғана АЭС салу емес, атом энергетикасын елде дамыту» – Алмасадам Сәтқалиев

Автор: Azattyq Rýhy

Министрдің ойынша, қазақстандықтардың атом энергетикасы саласына қызығушылығы артты 

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy/Әбілқасым Есен

Президент АЭС салу бойынша референдум осы жылдың күзінде өтетінін жариялады. Шараға дайындық пен қазақстандықтардың атом энергетикасын дамыту пікірі жайлы Үкіметтегі брифингте Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Энергетика министрлігі референдумға дайындықты бастады. Ведомство өкілдері басқа да мүдделі мемлекеттік органдармен, ядролық физика институтымен, Ұлттық ядролық орталықпен, сарапшылармен және жергілікті атқарушы органдармен бірге өңірлерге барып, халықпен кездеседі. Бұл жұмысты тамыз айында аяқтау жоспарлануда.

«Біз мүдделі тараптар қоятын сұрақтарға жауап беріп, түсіндіру жұмыстарын жүргіземіз. Референдумның басталу мерзімдерін жариялау мүмкіндігі осы жұмыстар қорытындысына сай пайда болады. Соңғы шешімді сайлау комиссиясы қабылдайды, сондықтан мерзімдер бойынша біз рәсімдеріміздің аяқталуын негізге аламыз. Энергетика министрлігі Қазақстанда бір атом станциясын салу туралы мәселені қозғамайды. Біз атом өнеркәсібінің бір бөлігі ретінде елімізде атом энергетикасын дамыту туралы ойланамыз», - деді Сәтқалиев.

Министр сондай-ақ алғашқы АЭС салуда қай елдің технологиясын қолдану туралы шешім аймақтардағы қоғамдық тыңдауларда айтылатын қазақстандықтар пікірін ескеріп қабылданады деді.

Министрдің айтуынша, атом энергетикасын дамыту қазақстандықтардың, әсіресе, жастардың үлкен қызығушылығын тудырды.

«Олар қызығушылық танытады, біз нақты қолдауды көріп отырмыз. Баяндамалар барысында олар (жастар – ред.) неге бізде атом энергетикасы әлі дамымай отырғанын ашық сұрайды. Қазақстан азаматтарының қызығушылығы артты. Алайда, лоббистік топтар бар, біз мұны да түсінеміз, олар белгілі бір нәрсені болдырмауға бағытталған, яғни мұны ашық айтуға болады. Мәселені байыпты түсінбеген және эмоцияларға көбірек көңіл бөлетін, Атом технологияларының қауіпсіздік жүйесінің деңгейі қаншалықты терең екенін, қоршаған ортаны қорғаудың ең тиімді шешімдерін қамтамасыз етуге байланысты жүйелер қаншалықты терең дамығанын түсінбейтін журналистер бар», - деді Сатқалиев.