Милана Давыдованы қатыгездікпен өлтірген айыпталушыларға қатысты сот шешімі шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Марқұм бүлдіршіннің анасына 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындалды

Фото: Polisia.kz

Павлодарда жеті жастағы Милана Давыдованы қатыгездікпен өлтіру ісі бойынша сот отырысы өтіп, айыпталушылар жазаға кесілді деп хабарлайды Azattyq Rýhy Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Айыпталушы – қыздың анасы Татьяна Давыдова мен оның көршісі, көңілдесі болған Асқар Әбілдинов.

Павлодар облысы қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жас баланы өлтіру бойынша айыпталған екі сотталушыға қатысты қылмыстық істі қарады (ҚК 99-бабы, 3-бөлігі).

Соттың анықтауы бойынша, бала анасы мен оның танысының интимдік қатынаста болғанын көріп, өз әкесіне барлығын жеткізетінін айтты. Бұл туралы білген үлкендер масаң күйде болып, бүлдіршінді өлтіруге шешім қабылдаған. Осы ниеттерін жүзеге асыра отырып, қыздың анасы оның басынан бірнеше рет қатты соққы жасаған, еденге құлағаннан кейін, есін жоғалтқанша оны белдікпен ұрған. Содан кейін ер адам жәбірленушінің ағасының көзінше жас баланы белдікпен буындырып өлтірген.

«Сотталушылардың кінәсі куәлардың айғақтарымен, сот сараптамаларының қорытындыларымен және сотта зерттелген басқа да дәлелдемелермен дәлелденді. Прокурор ер адамға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасын, ал әйелге 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды сұрады. Жәбірленуші тараптың өкілі жаза бойынша сот қалауына сүйенді. Әйел – марқұмның анасы кінәсін мойындамады. Ер адам өлтіру бойынша кінәсін мойындамай, өзінің іс-әрекетін онша ауыр емес - қылмысты жасырып қалу және қылмыс туралы хабарламау ретінде қайта саралауды сұрады», - делінген хабарламада.

Сотталушылардың әрекеттері аса ауыр қылмыстар санатына жатады және негізгі жаза ретінде 20 жылға бас бостандығынан айыру немесе өмір бойына бас бостандығынан айыруды көздейді.

Ер адам бұрын сотталған, психоактивті заттарға тәуелділіктен зардап шегеді, қылмысты масаң күйде жасаған.

Осыны және аса ауыр қылмыс жасаудың мән-жайларын ескере отырып, ер адамға өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Қылмыстық кодекстің 46-бабының 4-бөлігіне сәйкес өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы әйелдерге тағайындалмайтындығына байланысты, сот әйелге 20 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Сондай-ақ ол педагогикалық және кәмелетке толмағандармен жұмыс істеуге байланысты лауазымдарды атқару құқығынан айырылды.

Үкім заңды күшіне енген жоқ.