Олардың іс-әрекеттері көпшілікті сүйсіндірді
Коронавирус пандемиясына байланысты елімізде 16-шы наурыз күні карантин режимі жарияланған болатын. Осы уақыт аралығында Қазнетте көптеген қазақстандықтар түрлі іс-әрекеттерімен көпшілікке танымал болып үлгерді. Azattyq Ruhy тілшісі оқырман назарына өз ісімен көпшілікті сүйсіндіріп, карантинде жұлдызға айналған қарапайым қазақстандықтарды ұсынады.
КАРАНТИНДЕ "ЖҰЛДЫЗ" БОЛҒАН БАЛАҚАЙЛАР
Ең алғаш болып әлеуметтік желідегілердің жүрегін елжіреткен Нұрислам есімді кішкентай балақай. Ол видеода мектебін сағынғанын айтып, көз жасына ерік береді.
«Менің мектепке қатты барғым келеді. Үйде оқығым келмейді. Маған анам ұрсады, сабақты түсіндіре алмайды. Сіздерді сағындым, ауырмаңыздар» - деді ол жылап тұрып.
Кейіннен Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов үйде отырғысы келмей, мектепті сағынып жылап, видеоүндеу жасаған Нұрисламға жауап берді.
«Мен мұғалім ретінде кешегі Нұрисламның үндеуін өте үлкен толқыныспен, жүрегіме жақын қабылдадым. Нұрислам мектепке, мұғалімге деген сағынышын бізге жеткізіп жатыр. Балақайға өте ризамын. Себебі, ұстаздарды соншалықты бағалау – бізге өте маңызды. Жалпы, соңғы екі жұма ішінде ата-аналар мұғалімдер жұмысының қаншалықты қиын екенін түсінді деп ойлаймын. Біздің елімізде сағынатындай жақсы мұғалімдер бары қуантады. Әрине, Нұрисламға «6 сәуірден бастап мұғалімдеріңмен, сыныптастарыңмен виртуалды түрде кездесіп тұрасың. Қазір күнде-күнде қолыңды сабынмен жуып, ата-анаңның тілін алып, сабаққа дайындалуың керек» деп айтқым келеді», - деді министр.
Айта кететіні, 6-шы сәуірден бастап қазақстандық оқу орындары қашықтан оқуға көшкен болатын.
Туған күні карантин кезіне тұспа-тұс келген 5 жасар Димаштың видеосы да көп адамға ерекше эмоция сыйлады. Тараз қаласының тұрғыны туған күніне бірнеше күн қалғанда полиция қызметкерлеріне хабарласып, жылына бір рет келетін жекеменшік мерекесінде балабақшадағы достарын көргісі келетінін жеткізген. Карантин режиміне байланысты Димаштың өтінішін орындай алмаған құқық қорғау қызметкерлері туған күнінде оған күтпеген тосынсый жасайды. 25-ші сәуір күні патрульді полиция батальонының автоэкипажы Димаш тұратын көпқабатты үйдің ауласына келіп, сигналды құрылғы арқылы оған жылы лебіздерін білдіріп, тәтті торт сыйға тартады. Бүтін әлем үшін қиын-қыстау кезеңге айналған карантин мерзімінде позитивті видеолар желі оқырмандарына жағымды эмоциялар сыйлап, әлі де «жақсы адамдар» көп екен ғой деген әсер қалдырды.
Күні кеше ғана «Президент, далаға шықсам бола ма?» деп жылаған қостанайлық Даниал да Қазнеттің жұлдызына айналып үлгерді. Карантинде аулаға шыға алмаған балақай үйдегілердің өтінішіне құлақ аспайтынын біліп, жасқа толы жанарымен Президенттен аулаға шығуға рұқсат сұрады.
Аталған видео карантинде отырған қазақстандықтарға әсер етпей қоймады. Олар күн жылып, көк шыққанда далаға шығып, емін-еркін ойнақтай алмаған сүйкімді балақайдың әрекетіне сүйсінді.
«Құдай-ата бізді сақтап қалады» деп өзін және інісі Әлиханды видеоға түсірген Таңнұрым есімді кішкентай қыз да Қазнет қолданушыларының махаббатына бөленді.
Інісімен ауылдағы үйінің ауласында газ баллонын күтіп отырған Таңнұрым кәсіби блогерлер тәрізді өздерін видеоға түсіріп, аулада не себепті отырғандарын тәптіштеп түсіндіреді. Сөз соңында ол қазақстандықтардың коронавирустан аман-есен өтетінін айтып, періште көңіл тілегін жеткізеді. Видеоны көрген желі қолданушылары Таңнұрымның өжеттігіне риза болып, бала көңіл тілегіне «әумин» десіп жатты.
КАРАНТИНДЕ ЖҰЛДЫЗҒА АЙНАЛҒАН ҚҰҚЫҚ ҚОРҒАУ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕРІ
Алматыдағы блок-бекеттердің бірінде кішкентай балақайды жұбатып, қолсағатын шешкен әскери қызметкер Андрей Онищенко қазақстандықтардың зор ықыласына бөленді.
Видеода Андрей карантин режимі күшіне енгенге дейін Алматы қаласынан шығып үлгеруге асыққан келіншектің жүгін тасысып, кішкентай баласын жұбатады. Аталған оқиға Құлжа тас жолында орналасқан №27 блок-бекетте орын алады. Сержанттың әрекетін желі қолданушылары басқа адамдарға үлгі боларлық деп бағалап, түрлі жылы лебіздерін білдіріп жатты.
Қазнеттің танымал жұлдызына айналған тағы бір кейіпкер – карантин режимін бұзғандарды жауапкершілікке шақырамын деп таяқ астында қалған Медеу аудандық полиция бөлімінің тәртіп сақшысы. Аталған видео Instagram желісіндегі түрлі пабликтерде таралып, халықтың ерекше талқысына түсті. Полиция лейтенанты Нұржан Өміржанұлы 13-ші сәуір күні өз қызметін атқарып тұрған. Кейін емін-еркін көшеде қыдырып жүрген үш азамат полицейдің айтқанын тыңдамастан жағасына жармасып, балағат сөздер айтады. Алғаш ZTB паблигінде видеоның жарты бөлігі жарияланады. Кейіннен оқиға үлкен сипат алып, видеоның басқа ракурстан түсірілген жалғасы шыға бастайды. Карантинде іші пысып отырған желі қолданушылары дәл осы видеоның немен аяқталарын тағатсыздана күтіп, өте қызу талқыға салды. Көп адамдар карантин режимін бұзып, мемлекеттік қызметкерді балағаттаған азаматтарға ашуланып, оларды тез арада жазалауды талап етті. Кейбірі оларға қаталдық танытпаған полиция қызметкерін сынға алды.
Кейіннен үшеудің бірі Қылмыстық кодекстің 380 және 378-баптары бойынша, яғни, құқық қорғау органы өкілін қорлау және жәбір көрсету деректері негізінде жауапкершілікке тартылды. Ал келеңсіз оқиғаға қатысқан тағы бір азамат 20 тәулікке қамалған. Сол оқиғада ұстамдылық таныта отырып, заңбұзушылықтың алдын алған Нұржан Өміржанұлы қалалық Полиция департаменті атынан марапатқа ие болды.
23 сәуірде Ақтөбенің Чекалина көшесінде орналасқан жалдамалы пәтерде дау туындаған. Баспананы жалдап тұратын отбасының пәтер ақысын төлеуге ақшасы болмай қалған. Ақыры пәтер иесі мен оны жалға алушылар мәмілеге келе алмай, үйдің қожайыны баспананы босатуды талап еткен. Ал пәтерді жалдап тұрған отбасының екі баласы бар, біреуі – төрт айлық. Үйдің қожайыны тұрғындарды пәтерден шығару үшін учаскелік полицей – Бақтияр Жақыповты шақырыпты.
Оқиға орнына келген тәртіп сақшысы мән-жайды білген соң, тұрғындарды шығаруға құлық танытпаған. Керісінше, бір айлық пәтер ақысын өз қалтасынан төлеп, екі балалы отбасыға үйде тағы бір ай тұруға мүмкіндік берген екен. «Қолында баласы бар әйел баратын жері жоқ екенін айтты. Ақшасы да жоқ. Қожайындары пәтерді екі сағаттың ішінде босатуды талап етті. Отбасының тағы бір ай тұруы үшін пәтер ақысын өз қалтамнан бердім», – деді ол. Тәртіп сақшысының игілікке толы іс-әрекетін ресейлік басылымдар да жазды.
Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан