Алматыда бұрынғы әйеліне қол жұмсаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты

Автор: Azattyq Rýhy

Оған 1 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды

Фото: istockphoto.com

Алматыда үйдің кіреберісінде бұрынғы азаматтық некедегі әйелін сабаған ер адамға қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Алматы қаласының Наурызбай аудандық сотында әйелге жұдырық жұмсаған айыпталушы М-ға қатысты қылмыстық іс қаралды. Сот анықтағандай, сотталушы бұрын бірге тұрған әйелді үйдің кіреберісінде бірнеше рет ұрып, денсаулығына жеңіл зиян келтірген. Сотталушының кінәсі жәбірленушінің айғақтарымен және қылмыстық істің басқа материалдарымен дәлелденді.

«Сотталушы кінәсін мойындап, жасаған ісіне өкінетінін жеткізді. Жәбірленуші де сотталушыны кешірді және бас бостандығынан айырмауды өтінді», - деп атап өтті ведомстводан.

Ал прокурор сотталушының бас бостандығын 1 жылға шектеуді сұрады.

«Сот жаза тағайындау кезінде ҚК-нің 55-бабының 1-тармағының 1-бөлігінің талаптарын назарға алды. Кінәні мойындау, жасаған ісіне өкіну, қылмыспен келтірілген зиянды өз еркімен өтеу жеңілдететін мән-жайлар деп таныды. Сотталушы бұзақылық жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған 1 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды», - деп хабарлады соттан.

Үкім заңды күшіне енген жоқ7