Шығыс Қазақстанда қос азаматтығы бар 8 адам елден шығарылды

Автор: Azattyq Rýhy

Полиция қос азаматтықтың 30 дерегін анықтады

Фото: topmigrant.ru

ШҚО полициясы қос азаматтықтың 30 дерегін анықтады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Қазақстанда қос азаматтыққа жол берілмейтіне қарамастан, облыстың кейбір тұрғындарында ҚР және көрші елдердің паспорттары бар.

Жарты жыл ішінде облыс полицейлері 30 қос азаматтығы бар шетелдікті анықтап, олардың 8-і Қазақстаннан тысқары шығарылды. Тәртіп сақшылары атап өткендей көп жағдайда шетел азаматтары ҚР азаматының құжаттарын заңдылықты білмегендіктен сақтайды.

Мысалы, Шемонаиха ауданының 19 жастағы тұрғыны ақпан айында Ресей азаматтығын алған. Алайда жас жігіт бұл туралы қолданыстағы заңнамада белгіленген мерзімде құқық қорғау органдарына хабарлау қажет екенін білмеген. Құқық бұзушыға қатысты тиісті бап бойынша әкімшілік хаттама толтырылды. Кейінірек бұл материал аудандық сотта қаралып, оның қаулысымен шетелдікті Қазақстан Республикасынан шығару туралы шешім қабылданды.

ШҚО полиция департаменті басқа елдің азаматтығын қабылдаған кезде ҚР азаматы 30 күн мерзім ішінде ішкі істер органдарына немесе шет мемлекеттің аумағындағы Қазақстанның дипломатиялық өкілдігіне хабарлау арқылы Қазақстан азаматтығынан шығуы туралы мәлімдеуі, сондай-ақ ҚР паспорты мен жеке куәлігін тапсыруы қажет екенін ескертеді.