Нұр-Сұлтанда балалар мен ата-аналар жаппай аулада серуендеп жүр

Автор: Azattyq Rýhy

Елорда тұрғындарына 27-ші сәуірден бастап аулаға шығуға рұқсат етілді

Бір ай бойы далаға шықпаған елордалық ата-аналар мен балалар аулада серуендеуді бастады. Бір-бірін көріп, абыр-сабыр болған балақайлардың қуанышын байқамау мүмкін емес. Azattyq Ruhy тілшісі Нұр-Сұлтанның сол жақ жағалауында орналасқан  «Номад», «Нұрсая» және «Грандкомплекс -6» тұрғын үй кешендерінің аулаларын аралап қайтты.

Үш тұрғын үй кешенінің ауласынан да бала-шағаның шуылы алыстан естіліп тұр. Ауладағы балалардың барлығы да сақтық шарасы үшін медициналық маска тағып шыққандарымен, ойын қызығына кіріп кеткен кейбір балалар маскаларын шешіп тастап, жүгіріп жүр.

«Достарымды көрмегеніме көп уақыт болды. Бүгін Әнуар, Арсен, Даниал, Тамерлан, бәріміз футбол ойнап жүрміз. Маскамен жүгіру ыңғайсыз болған соң, қалтама салып қойдым», - деді футбол алаңына асыққан Әмір.

5 жасар Айдана мен Даяна карантин кезінде көрген мультфильмдерін айтып мәз-мейрам болып отыр. Айдананың анасының айтуынша, далада жүргендеріне үш сағаттан асқан.

«Далада жүргенімізге үш сағаттан асты. Көріп тұрғаныңыздай, үйге кірмеймін деп қашады (күліп). Тұңғышым 11 жаста, ұл бала. Оның айтарлықтай іші пыспады, себебі, сабағы бар, арасында көршіміздің балаларымен бірігіп үйде плейстейшен ойнайды. Бәрінен бұрын 5 жасар қызыма қиын болды. Балабақшаға бармайды, аулаға шыға алмайды. Күні бойы мультик қарайды, сурет салады. Біраз күн өткен соң одан да жалықты. Қанша дегенмен бала емес пе, далаға шыққысы келеді. Кейбір көршілеріміздің балалары далаға шығып жүрді. Соларға қарап «мен де көшеге шығамын» деп қиғылықты салатын. Киімін киіп алып, есіктің алдында тұрса жүрегім ауыратын еді. «Коронавирус әлі кетпеді ма?» деп сұрап қояды. Бүгін бір шаршап ұйықтайтын болдық»,- дейді Айдананың анасы Шолпан Сатыбалдиева.

Айта кететіні, Нұр-Сұлтан тұрғындарына 27-ші сәуір ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың рұқсатымен таңғы сағат 6:00-ден кешкі сағат 20:00-ге дейін аулада серуендеуге рұқсат етілді. Әзірше балабақшалар, үйірмелер мен секциялардың қашан жұмыс жасайтыны белгісіз. Ал жоғары оқу орындары, колледждер, мектептер қашықтан оқытуды жалғастыра береді.

Естеріңізге сала кетейік, Президент Төтенше жағдай режимін биылғы 11 мамырға дейін ұзартты.

Айжан Қалиева, Нұр-Сұлтан