Ақтөбеде жиырмадан астам субұрқақтың тек үшеуі ғана істеп тұр

Автор: Azattyq Rýhy

Былтыр 8 фонтанға күрделі жөндеу жүргізу үшін қомақты қаржы бөлінген

Фото: depositphotos.com

Ақтөбеде қаладағы 22 субұрқағының тек үшеуі ғана істеп тұр. Кейбірінің іске қосылмағанына 2-3 жыл өткен, деп хабарлайды Azattyq Rýhy 24KZ арнасына сілтеме жасап.

Тұрғындар аптап ыстық пен шаң-тозаңнан құтылудың жолын іздегенде салқын леп беретін орынның қалмай бара жатқанын айтып налиды.

Ақтөбенің тұрғындар қалашығы ауданында орналасқан субұрқақтың істемей тұрғанына 2 жылдан асыпты. Бүгінде сәні кетіп тұр. Іші құрғап, айналасындағы қоршауы түсіп қалған. Бұл шағынауданда бірнеше су бұрқағы бар. Бірақ бүгінде ешқайсысы істемейді. Қаланың өзге бөлігіндегі жағдай да осындай. Ал орталық саябақтағы және сулы-жасылды бульвардағы субұрқақ та істен шыққан. Тұрғындардың жиі келетін орындарындағы көріністің осындай болуы ақтөбеліктердің көңілін түсірген.

Бүгінде қалада бар 22 су бұрқақтың 19-ы істемейді. Былтыр 8 фонтанға күрделі жөндеу жүргізу үшін қомақты қаржы бөлінген. Алайда мердігер мекеме жұмысты аяқсыз қалдырып, соңы әкімдікпен арадағы сотқа ұласқан. Енді субұрқақтарды қайта іске қосу үшін тағы да мердігер анықталмақ.

«Толығымен күрделі жұмыс жасатуға конкурс ұйымдастырдық. Бұйырса, мердігер мекеме анықталғаннан кейін осы қалған фонтандарды жасайтын болады. Сосын 10 фонтанды біз жасатып жатырмыз демеушілік көмекпен. Енді біртіндеп қосатын боламыз, бұйырса», - дейді қалалық ТКШ бөлімінің бас маманы Бақтияр Төреш.

Мамандардың айтуынша, биыл 4 субұрқақ күрделі жөндеуден өтеді. Ал қалғандары кезең-кезеңмен іске қосылады.