Мақпал Жүнісова үшемнің анасы атанды

Автор: Azattyq Rýhy

Ақмола облысында соңғы рет 2022 жылы үшем туылыпты

Фото: Ақмола облысы әкімдігі

Ақмола облысында үшем дүниеге келді. 3 шілдеде көпбейінді облыстық аурухананың перинаталдық орталығында көпбалалы әйел Мақпал Жүнісованың бір ұл, екі қызы дүниеге келді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy аймақ әкімдігіне сілтеме жасап.

Бірінші бала салмағы 2 килограмм 377 грамм, бойы 46 сантиметр, екінші бала салмағы 2 килограмм 43 грамм, бойы 44 сантиметр, үшінші бала салмағы 2 килограмм 221 грамм, бойы 44 сантиметр.

Көпбалалы ана Мақпал Жүнісова күйеуі және үш баласымен Зеренді ауданының Гранитное ауылында тұрады. Енді олардың отбасы тағы үш сәбиге толықты.

«Операция штаттық режимде жүргізілді, балалар да, анасы да дін аман. Операция 41 минутқа созылды, ешқандай ауытқу жоқ. Ананың жағдайы қанағаттанарлық. Ол жұлын анестезиясынан кейін ояту бөлмесінде, өзін жақсы сезінеді, барлық параметрлер қалыпты», - деп атап өтті көпсалалы облыстық аурухананың перинаталдық орталығының акушер-гинекологы Ангелина Корнилова.

Айта кетейік, Ақмола облысы Денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, өңірде үшем тууы сирек кездесетін құбылыс. Соңғы рет 2022 жылы дүниеге келген. 2024 жылдың бес айында өңірде 4 мың 449 бала дүниеге келді. Оның ішінде 36 егіз бар.