Құқықтық көмек: тұрғындар заңгерлердің кәсіби көмегіне қалай жүгінеді

Автор: Аягөз Құрмаш

Жобаның іске қосылғанына 1,5 жыл болды

Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметі

«AMANAT» партиясының төрағасы Ерлан Қошанов 2023 жылдың қаңтарында Атырау облысының жұртшылығымен кездесу кезінде «Құқықтық көмек» партиялық жобасының іске қосқан болатын. Бүгінде 1,5 жыл бойы жүзеге асырылып жатқан жобаның нәтижелері көңіл көншітерлік, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Мемлекет басшысы Әділетті Қазақстанды құру жолында адам құқықтары мәселесіне баса мән беріп отырғанын атап өтті. Мәселен, Конституциялық Сот құрылып, Бас прокуратура мен Адам құқықтары жөніндегі уәкіл конституциялық мәртебеге ие болды. Халық арасында құқықтық мәселелер өте өзекті. Соған байланысты, өңірде тұрғындардың құқығын қорғайтын «Құқықтық көмек» жаңа партиялық жобасы пилоттық режимде іске қосылған болатын.

2022 жылы партияның қоғамдық қабылдауына 134 мың өтініш келіп түсті. Біздің есептеуіміз бойынша оның 4 пайызы сот құқықтық органдарына қатысты мәселелерді құраған.

Жалпы партияда  ұзақ жылдар бойы жұмыс істеп келе жатқан «Заңгерлік көмек» жобасы бар. Партияның заңгерлік көмек көрсететін төрт ұйыммен өзара меморандумы бар. Онда нотариалдық қызметпен қатар, заңгерлер және адвокаттар құқықтық көмек көрсетеді. Бірақ бұл қызметтер көбіне қалалық жерлерде және аудан орталықтарында көрсетіледі. Алайда ауыл тұрғындары да көмекке мұқтаж екенін ұмытпау  керек. Сол себепті де «Құқықтық көмек» жобасының маңызы зор болды.

«Құқықтық көмек» партиялық жобасы аясында  заңгерлер жергілікті жерде азаматтарға заңгерлік көмек көрсету үшін облыстағы аудан орталықтарына барады. Яғни, сотта, қылмысты қудалау органдарында және тағы басқа жағдайда азаматтарға өкілеттік етуге, арыз-талап толтыруға, өзін қорғауға көмек көрсетіледі. Тұрғындарға қаржы және құқықтық мәселелер бойынша түрлі кеңес беріледі.

Жоба аясында ел өңірлерінде жүздеген мың адамға құқықтық көмек көрсетілді.

Партияның республикалық қоғамдық қабылдау орталығының 8-800-080-44-41 телефоны арқылы қабылдауға жазылады.

Өңірлердегі тұрғындардың да шағымы мен құқықтық көмекті қажет еткендері аз болмаған. Облыс, аудан және ауылдарды білікті заңгерлердің өзі аралап, халықтың қалауын ескеріп, қол ұшын созды.

Мәселен, жобаның басталуы туралы ең алғаш рет хабарланған Атырау облысында заңгерлердің қабылдауына тұрғындар жалдамалы пәтерді жекешелендіру мәселесі бойынша ұжымдық арыз-шағыммен де келді. Олардың айтуынша, баспананы ескірген үйлердің орнына алыпты. Алайда жаңа пәтердің кемшілігі мен ақауы көп. Баспананы меншікке алмаған соң, олар жөндеу жұмысын жүргізуге құлықсыз болып отыр. Енді бір азаматтың айтуынша, қазір тозығы жеткен үйлерде өзгер адамдар тұрып жатқан көрінеді. Олар сот шешіміне сәйкес, мүлікке иелік ету құқынан айырылыпты. Заңгерлер мұндай мәселе өзге де аудандарға тән екенін айтып отыр. Алайда бұл жергілікті жерде шешілетін мәселе емес.

Индер ауданының тұрғындарын толғандырған мәселелердің басым бөлігі әлеуметтік сипатқа ие. Оның ішінде, алимент төлемейтін азаматтардан зардап шегіп отырған тұрғындар да бар. Заңгерлер осы тектес мәселелерді жергілікті жерде шешуге тырысуда. Бұл ретте, Абзал Құспан қазіргі таңда елімізде «Жеке тұлғаны банкрот деп тану» туралы заң жобасы әзірленіп жатқанын және жақын арада күшіне енетінін жеткізді.

Бір топ әйел пәтерлерді жекешелендіру кезінде пайда болған мәселелер бойынша шағым айтты. Олардың айтуынша, тұруға жарамсыз ескі үйлер беріліпті. Жалға берілген пәтерлерде өмір сүру мүмкін емес. Ал үй ішін өз бетінше қалыпқа келтіріп, жөндеу жұмысын жүргізу үшін олар осы пәтерлерді жекешелендіргісі келеді.

Мұндай көмек Шымкент тұрғындарына да көрсетілді. Олардың арасында алаяққа алданған, қарызға белшеден батқан, алимент ала алмаған, баспанасынан айрылып, жер дауын көтерген азаматтар да болды. Өз кезегінде, заң сарапшылары, кәсіби заңгерлер мен адвокаттар, жеке сот орындаушылары мен медиаторлар тұрғындарды толғандырған сұрақтарға жауап беріп, заңгерлік көмек көрсетті.

Қабылдауға келген тұрғындар азаматтық, отбасылық және еңбек мәселелері бойынша құқықтық кеңес алды. Мәселен, Серік Өтегенов есімді азамат алаяқтарға алданып, сан соғып қалып отыр. Осы күні ол қарызын қарыз алып жабуға мәжбүр. Қабылдауда заңгерлер оған сотқа жүгіну жолын көрсетіп, құқықтық қолдау көрсетті.

«AMANAT» партиясының атқарушы хатшысы Дәулет Кәрібек «Құқықтық көмек» жобасы қазақстандықтарға тегін кәсіби құқықтық көмек көрсетуге бағытталған атаған еді.

«Сарапшылармен бірге көпбалалы отбасыларға, аз қамтылған адамдарға, сондай-ақ алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау мәселелері бойынша жүгінген азаматтарға білікті заң көмегін көрсетеміз. Сотқа дейінгі іс жүргізуден бастап сот шешіміне дейін өтініш білдірген азаматтардың мүддесін қорғауды жоспарлап отырмыз. Осы орайда, біз заңгер кеңесіне мұқтаж әрбір адамға тегін көмек көрсетілуі үшін бірқатар республикалық ұйымдармен меморандум жасасамыз. Партияның облыстық филиалдарында аптасына екі рет қабылдау өткізіледі. Осылайша қоғамда құқықтық мәдениетті арттыру жұмысы жүйелі жолға қойылады», – деді ол.

Сондай-ақ партия Хатшысы «Құқықтық көмек» жобасы заңда жиі кездесетін қарама-қайшылықтарды анықтауға мүмкіндік беретінін айтты. Тиісті талдау нәтижелері қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізу мүмкіндігін қарастыру үшін ай сайын Мәжілістегі «AMANAT» фракциясына жолданып отырады.

Былтыр «Құқықтық көмек» жобасы аясында 1000-нан астам қабылдау өткізіліп, оның ішінде жергілікті жерде азаматтарға заңгерлік көмек көрсету үшін 350-ге жуық шалғайдағы ауылдық елді мекен қамтылды. Бұл – түсіндіру жұмысын жүргізу, дау-дамайларды реттеудің баламалы тәсілдері (медиация) бойынша кеңес беру, мүлік бойынша келісім жасау кезінде кеңес беру, талап қою мәселелері бойынша көмек көрсету, сотта мүдделерді қорғау, еңбек дауы бойынша кеңес беру, әлеуметтік жағдайы төмен азаматтар мен өмірдің қиын жағдайына тап болған адамдарға құқықтық көмек көрсету және тағы басқалар.

Сайрам ауданында да көпбалалы отбасылар, аз қамтылған азаматтар алимент өндіріп алу, зейнетақы мен жәрдемақы тағайындау мәселелері бойынша заң көмегін алды.  Сотқа дейінгі іс жүргізуден бастап сот шешіміне дейін өтініш білдірген азаматтардың мүддесі қорғалады. Осы орайда партия заңгер кеңесіне мұқтаж әрбір адамға тегін көмек көрсетілуі үшін бірқатар республикалық ұйымдармен меморандум жасады. Партияның облыстық филиалдарында аптасына екі рет қабылдау өткізіледі. Осылайша, қоғамда құқықтық мәдениетті арттыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Түркістан тұрғындары облыстық прокуратураның, құқық қорғау органдарының өңірлік құрылымдарының жауапты өкілдеріне, мемлекеттік кірістер департаментінің лауазымды тұлғаларына, адвокаттар алқасының, нотариаттық палатаның, сот орындаушылар қауымдастығының мүшелеріне, орталық мемлекеттік органдардың аумақтық департаменті мен облыстық ұйымдардың қызметкерлеріне, облыс әкімдігінің салалық басқармаларының және аудан әкімдігінің өкілдеріне, аудандық мәслихат депутаттарына өздерін толғандырған сұрақтарын жолдап, нақты жауап алды.

Партия қызметін сервистік модель санатында ілгерілетуге жәрдемдескен осы кездесу барысында мемлекеттік билік институтының өкілдері тұрғындармен жүздесіп, олардың өзекті мәселелерін шешуге ықпал етті. Сондай-ақ, қабылдауға келген азаматтар барлық инстанция бойынша жүгінген мәселелеріне қатысты жауапты тұрғылықты жерінен шықпай-ақ, бір жерден алу мүмкіндігіне ие болды. Азаматтар ауыз су мәселесін шешу, байланыс сапасын арттыру, көшелерге асфальт төсеу, ойын алаңдарын ашу, білім беру нысандарын салу, медициналық ұйымдар желісін ұлғайту, спорт инфрақұрылымын жақсарту сындыр бірқатар мәселе көтерді. Тұрғындардың өтініш-тілегі хаттамаға енгізіліп, бақылауға алынды. Алдағы уақытта бұл мәселелер даму бағдарламалары мен қысқа мерзімді жоба-жоспарларға енгізіледі.

2024 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30 сәуірге дейін елімізде 555 қабылдау өткізіліп, 2500 адамға кеңес берілді.

Қостанайда көптеген өтініш берушілер су астында қалған жылжымайтын мүліктің иелері емес. Бірқатар түйіткілдің түйінін шешумен қатар,
кәсіби заңгерлер кез келген жағдайда тұрғылықты жері бойынша атқарушы органдарға материалдық залалды өтеу туралы өтінішпен жүгінуге кеңес берді.

Сондай-ақ қоғамдық қабылдауға «АМАNАТ» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов, мәслихат депутаттары және заңгер мамандар қатысты.

Қабылдауға келген азаматтардың басым бөлігі алимент өндіру, тұрғын үй мен жер учаскесін алу, мүгедектік тағайындау, несиені жабу, мүлікті жекешелендіру сынды мәселелерін айтты.

Құқықтық кеңес алуға келген жамбылдық тұрғын Айжан Аманжолова мұрагерлік құжат рәсімдеуде кедергілерге тап болған. Оның тұрып жатқан үйі әлі күнге дейін осыдан бірнеше жыл бұрын қайтыс болған әкесінің атында екен.

«Осыған дейін мұрагерлік рәсімдеу бойынша бірнеше мекемеге бардым. Бүгін тағы да ХҚКО-ға келіп отырмын. «АМАNАТ» партиясының «Құқықтық көмек» жобасы аясында заңгерлерден тиісті кеңестер алдым. Жасыратыны жоқ, заңгерлер мұндай кеңеске айтарлықтай қаржы алады. Сондықтан қала тұрғындарына тегін кеңестер ұйымдастырып отырған «АМАNАТ» партиясына алғысым шексіз», – дейді Айжан Аманжолова.

«АМАNАТ» партиясы Жамбыл облыстық филиалының төрағасы Дауыл Бейсенқұлов келушілерге тегін кеңес беріп, сауалдарына жауап берді. Сонымен қатар алаяқтарға алданғандарға заң аясында түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

Астанада биылғы наурызға дейін жоба бойынша 6 мың адам көмекке ие болды.

Астанада азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселелері талқыланды.

«AMANAT» партиясының өкілдері, судьялар, сарапшылар мен заңгерлер халық арасында еңбек дауларын шешу, алимент төлеу және басқа да өзекті тақырыптарды қаузады.

Қазір халыққа әлеуметтік-еңбек дауларын өз бетінше шешу жолдары түсіндіріліп жатыр.

«Халықтың құқықтық сауаттылығын арттыру мәселесіне орай «AMANAT» партиясы дөңгелек үстел ұйымдастырды. Түрлі сала мамандарымен халық арасындағы әлеуметтік-еңбек даулары мәселелері талқыланды. Бүгінде «Кұқықтық көмек» жобасын жүзеге асыру аясында «АМАNАТ» партиясы 2 жарым мыңнан астам азаматты қабылдады. Олар алимент, жалақының төленбеуіне, еңбек даулары бойынша қабылдауға келеді», - деді «AMANAT» партиясы республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесі меңгерушісінің орынбасары Ардан Аралбай.

«Құқықтық көмек» бойынша қабылдауға жазылу үшін «AMANAT» Республикалық қоғамдық қабылдау бөлмесінің төменде көрсетілген байланыс телефондарына хабарласуға болады:

  • Call-орталық: 8 800 080 4441 (Қазақстан бойынша қоңырау шалу тегін);
  • Whatsapp: 8 700 800 4441
  • Электрондық пошта: komek@amanatpartiasy.kz