Бауыры ауырады: Түркістан облысында жазасын өтеп жатқан тұтқын түрмеден босап шықты
Сот сотталушының өтінішін қанағаттандырды
Түркістан облысында сот түрмеде жазасын өтеп жатқан тұтқынды денсаулығына байланысты бостандыққа шығарды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Шымкент қаласы мен Түркістан облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесінің №55 түзеу мекемесінде отырған сотталушы Адам құқықтары жөніндегі уәкілден көмек сұраған. Оған бауыр циррозы деген диагноз қойылған. Осыған байланысты ол апелляциялық шағымында денсаулығына байланысты түрмеден босатуды өтінген.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Түркістан облысының прокуратурасы мен денсаулық сақтау басқармасына хат жолдады.
«Нәтижесінде Төлеби аудандық соты сотталушының Қылмыстық кодекстің 75-бабы (Ауруына байланысты жазадан босату немесе жазаны өтеуді кейінге қалдыру) негізінде денсаулығына байланысты босату туралы өтінішін қарап, қанағаттандырды», -деп мәлімдеді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.
Осылайша сотталушы түрмеден босап, үйіне оралды.