Қазақстанда қызылшамен ауырғандар саны екі есеге азайды

Автор: Azattyq Rýhy

Оған өткен жылы кең ауқымда жүргізілген екпе жұмыстары әсер еткен

Фото: informburo.kz

ҚР ДСМ Тауарлар мен қызметтердің сапасын бақылау комитетінің төрағасы Тимур Сұлтанғазиев Қазақстанда коронавирустан басқа жұқпалы аурулар азайғаны туралы айтты.

«Қызылшаның таралуы 46 пайызға төмендеді, энтеровирус инфекциясы бойынша өткен жылмен салыстырғанда 47 пайыз төмендеу бар. Бұл былтырғы егу жұмыстарының жақсы жүргізілгенімен байланысты деп есептеймін. Вакцина қабылдайтындардың санын көбейтіп, балаларға ғана емес, 22-29 жас аралығындағы ересектерге де екпе салдық. Кең ауқымда жүргізілген вакцинация аурулардың қалай алдын алуға болатынын көрсетті», - деді ол Денсаулық сақтау министрлігі алаңында өткен брифингте.

Комитет басшысының айтуынша, коронавирус пандемиясы басқа аурулардың диагностикасына ешқандай кедергі келтірмеген. Инфекциялық бақылау бойынша жұқпалы ауру белгілері бар барлық азаматтар ауруханаға жеткізілуде.

Абай Сейфулла, Нұр-Сұлтан