Енді автобусты 23 жастан жүргізуге болады: жол апаты көбейіп кетпей ме

Автор: Нұргүл Абай

Қоғамдық көлік жүргізушілерінің жұмыс өтілі де қысқарды

Фото: freepik.com

Парламент Сенаты кадр тапшылығын шешу үшін автобустар мен троллейбустар жүргізушілеріне қойылатын талаптарды жеңілдетуді көздейтін заңды бірінші оқылымда мақұлдады, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Сенаттың жалпы отырысында «Кейбір заңнамалық актілерге көлік және электрмобильдерге арналған инфрақұрылымды дамыту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қаралды.

Заңда «Тb» және «D» санаттарының жүргізушілеріне қойылатын талаптар жеңілдетілді. Себебі оларға сұраныс жоғары, ал маман тапшы. Яғни автобустар мен троллейбустарды басқаруға қазіргідей 25 жастан емес, 23 жастан бастап рұқсат етіледі. Ал жүргізушінің жұмыс өтілі 5 жылдан 3 жылға дейін, «D1» кіші санатына кемінде бір жылға дейін қысқартылды.

Осы орайда сенат депутаты Ольга Булавкина талаптардың жеңілдеуі қоғамдық көлік жүргізушілерінің кәсібилігінің төмендеуіне әкелмей ме деп алаңдады.

«Қазір біз қоғамдық көліктің қатысуымен болатын жол апаттарын жиі көреміз. Әсіресе мегаполистерде. Адам өлімі болып жатады, көп жолаушы зардап шегеді.  Осыған байланысты автобустар мен троллейбустар жүргізушілеріне талаптардың азаюы қоғамдық көлік жүргізушілерінің кәсібилік деңгейінің төмендеуіне әкеп соқпай ма деген сұрақ туындайды», -деп сұрады ол ІІМ өкілінен.

Ішкі істер министрінің бірінші орынбасары Марат Қожаев бұл норма неге қабылданғанын түсіндірді. Айтуынша, жолаушылар тасымалымен айналысатын кәсіпкерлер елімізде автобус жүргізушілерінің үлкен тапшылығы барын көптен бері көтеріп жүр.

«Біз осы жағдайды мұқият талдадық. Қарап отырсақ, Кеден одағындағы барлық елдің ішінде Қазақстанда талаптар бәрінен қатаң екен. Мысалы Беларусь, Армения, Ресей, Қырғызстанда жүргізушілер 21 жастан бастап қоғамдық көлік жүргізеді. Ал бізде 25 жас және бес жыл еңбек өтілі қажет. Сол себепті талаптардың аздап жеңілдеуі, яғни 23 жастан және еңбек өтілінің 3 жылға дейін қысқаруы жолаушылар тасымалының қауіпсіздігіне әсер етпейді деп ойлаймын», - деп жауап берді ол.  

Қожаев соңғы жылдары жол-көлік оқиғаларының саны 57 пайызға қысқарғанын атап өтті.

«Яғни автобус жүргізушілері жол қозғалысы ережелерін өте сирек бұзады. Егер қоғамдық көлік жол апатына түссе, әдетте оған жол қозғалысының басқа қатысушылары кінәлі болып жатады», - дейді ІІМ басшысының бірінші орынбасары.