Марқұмның туыстары тергеу жұмысының баяу жүріп жатқанын айтады
Түркістан облысы Төлеби ауданында карьер жұмысшысы тірідей өртеніп кеткен. 44 жастағы марқұм Қуаныш Сербаевтың артында екі қызы мен екінші топтағы мүгедек әйелі қалды. Марқұмның туыстары тергеу жұмысының баяу жүріп жатқанын айтады. Олар жұмыс берушілердің немқұрайлығына да наразылық танытып отыр, деп хабарлайды Azattyq Rýhy жергілікті otyrar.kz-ке сілтеме жасап.
Қарлығаш Сербаева осыдан 13 күн бұрын ұлын жер қойнына тапсырды. 44 жастағы Қуаныш Сербаев екі жылдан бері Төлеби ауданы Ақбастау ауылындағы карьерде жұмыс істеген. Алайда 11 маусым күні жүк көлігіне тас тиеп келе жатқан жүргізуші жолда аударылып, көлікпен бірге өртеніп кеткен.
«Алдымда жүрген балам дем арасында жоқ болып кетті, бір секундтың ішінде. Ол қалай болғаны? Техникалық қауіпсіздік деген жоқ. Азаннан кешке дейін сол машинаны қайта-қайта жөндей береді. Түнімен-күнімен ауысымды жұмыста. Бір кедергі болды ғой. Әйтпесе бұл балам мәшинаны беске біледі. Қанша жылдан бері айдап жатқан. Сондықтан оларға бастарын ала қашудың қажеті жоқ», - деді марқұмның анасы Қарлығаш Сербаева.
Марқұмның артында екі қызы мен әйелі қалды. Бірнеше жыл бұрын ауыр дертке шалдыққан жұбайы қазір Алматыда ем алып жатыр. Марқұмның әкесі жұмыс барысында жан тапсырған ұлының отбасына ең құрығанда өтемақы берілуін сұрайды.
«Баланы барып көрейін десем, «Жоқ, сізге баруға болмайды» деді. Сөйтіп жан-жақтан адамдар жиналып, өздері орап, өрт сөндіруші көлік келгенше көліктің түгі қалмай жанып кеткен ғой. Бала да ішінде қалған. Бетін ашпай, денесімен қоштастық», - деді марқұмның әкесі Жаңаберген Сербаев.
Үйленгелі жалдамалы пәтерде тұрып келген марқұмның отбасы тек соңғы жылдары ауыл маңынан үй салуды бастаған, бірақ оны да аяқтап үлгермеді. Ал жұмыс берушілер өндірісте жүріп ажал құшқан Қуаныштың отбасына жәрдем берілуі тек сараптамадан кейін белгілі болады деп отыр.
«Қуаныш аға «Куари сервис» келгелі істейді. Өз ісіне тиянақты кісі болған. Жұмысқа жауапкершілікті. Өте ұқыпты кісі болған. Бұны енді сараптама анықтар. Білмеймін қалай болғанын. Жауап бере алмаймын сөздің ашығы», - деді Таукен цехының басшысы Мақсат Айтқұл.
Қазір бұл іске қатысты «Еңбек қағидаларын бұзу» бабымен тергеу басталды.