Әйелін 11 жыл тепкіге алған Атыраудағы экс-әкім неге шартты мерзіммен құтылды

Автор: Azattyq Rýhy

Жоғарғы сот үкімге қатысты түсініктеме берді

Фото: скриншот видео/gov.kz

Атырау қаласы №2 сотының шешімімен Мақат ауданының бұрынғы әкімі Ринат Ибрагимовке 2 жылға шартты түрде бас бостандығын шектеу жазасы тағайындалды. Оның әйелін ұрып-соққаны дәлелденді. Бұл ретте, Жоғарғы сот неліктен шенеунікке шартты жаза тағайындалғанын түсіндірді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

16 маусымда Қазақстанда отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заң күшіне енді. Заң бойынша, денсаулығына орташа дәрежеде зиян келтіргені үшін шартты емес, нақты мерзім тағайындалуы тиіс.

Журналистер Жоғарғы Соттың қылмыстық істер жөніндегі сот алқасының төрайымы Назгүл Рахметуллинадан судьяның неге мұндай шешім қабылдағанын сұрады.

«Менің білуімше, іс сотқа келіп түсті және 2-бөлімнің 107-бабы бойынша қаралды, бұл денсаулыққа орташа зиян келтіру. Егер сіз Қылмыстық кодекстің бабын қарасаңыз, бұл орташа ауыр қылмыс, онда айыппұлдан бастап бас бостандығынан айыруға дейінгі жаза түрлері қарастырылған. Егер сот бостандықты шектеу туралы шешім қабылдаса, менің ойымша, ол бұрын қылмыстық жауапкершілікке тартылмағанын ескерген шығар, бұл орташа қылмыс, оң сипаттамалар бар ма және т.б. ескеріледі», - деп түсіндірді ол.

Рахметуллина заң бойынша бас бостандығынан айыруды тағайындамас бұрын, сот осы баптың санкциясымен қарастырылған неғұрлым жеңіл жаза түрлері – айыппұл, бас бостандығын шектеуді неліктен қолдануға болмайтынын түсіндіруге міндетті.

«Заң бойынша сот айыппұл тағайындау мүмкін бе, жоқ па, алдымен жеңіл жазадан бастайды. Егер ол адамды түзету мүмкін емес деп санаса және басқа да кедергілер болса, мысалы, ол бұрын сотталған, есепте тұрған, алкоголь, есірткі заттарын қолданған, жұмыс орны мен тұрғылықты жері бойынша теріс сипатталған болса, онда, әрине, сот қоғамнан оқшаулауға байланысты жазаны қолданады», - деп қосты Рахметуллина.

Естеріңізге сала кетейік, Атырау қаласының тұрғыны Ақмарал Үмбетқалиева бұрынғы күйеуі оны мүгедек еткенін хабарлап, видео жариялады. Оның айтуынша, Мақат ауданының әкімі болған Ринат Ибрагимов оны 11 жыл бойы ұрып-соғып, қорлаған. Ажырасқаннан кейін балалар әкесімен қалған, әйел бұрынғы жұбайы қыздарын оған қарсы қоятынын және анасымен қауышуға мүмкіндік бермейтінін айтты.  

Ибрагимовке қатысты ұрып-соғу туралы қылмыстық іс осы жылдың ақпан айында сотқа берілді, бірақ ол әкім қызметін жалғастырды. Ол аудан басшысы қызметінен мамыр айының соңында ғана өз еркімен кетті.