«Сапасыз жолдар жолаушылардың әсерін су сепкендей басады»: депутат туризм саласын қатаң сынға алды

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол бір топ депутат атынан жаңа ұсыныстар айтты

Фото: AMANAT партиясының баспасөз қызметінен

Мәжіліс депутаты, AMANAT фракциясының мүшесі Еділ Жаңбыршин еліміздегі туристік саланы жүйелі дамыту мәселесін көтерді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Оның айтуынша, бұл салада түйткілдер шешімін таппаған күйі жылдан-жылға жалғасып келеді.

«Шыны керек, туристік салада орындардың жетіспеушілігі, демалу құнының көпшілікке қолжетімсіз болуы, бағаға сапаның сай болмауы, сервистің нашарлығы және инфрақұрылымының жетіспеуі айтыла-айтыла жауыр болды. Біле-білсек, туризм – денсаулықты нығайтуға мүмкіндік, табыстың қайнар көзі, мыңдаған жаңа жұмыс орындары. Мәселен, қазіргі таңда әлемдік жалпы өнімдегі туризмнің үлесі 9 пайыздан асқан», - дейді Жаңбыршин.

Депутат атағандай, еліміздегі туризмнен түсетін табыс мардымсыз.

«Кейінгі төрт жылда экономи­ка құрылымындағы туризмнің үлесі едедәуір  азайып, небәрі 3% пайызды құрап отыр. Бұл әлемдегі орташа көрсеткіштен үш есе тө­мен. Дүниежүзіндегі жұмыс орындарының шамамен 10 па­йы­зы туризмге тиесілі екен. Яғни, әрбір төртін­ші жұмыс орны осы салада ашылып жатыр.Мұны күні кеше ел Президенті туризмді дамыту жөніндегі кеңесте ашық айтып, оңтайлы географиялық орналасуымыз, алуан түрлі табиғатымыз, бай әрі бірегей тарихи-мәдени мұрамыз бар екеніне қарамастан, туризм саласындағы әлеуеттің толық пайдаланылмай отыр­ғанын қатаң сынға алды», - дейді ол.

Депутаттың айтуынша, президент туризм саласын қарқынды түрде дамыту үшін шұғыл әрі жүйелі шаралар қабылдауды нақты тапсырды.

«Жасыратыны жоқ, негізгі қолбайлау – мемлекет тарапынан туристік бизнесті оңтайлы қолдаулардың болмауы. Мысалы елімізде мал шаруашылығын, өңдіріс саласын қаржылай қолдайтын неше түрлі институттар мен бағдарламалар бар. Алайда туризм бизнесін дамытуға бағытталған нақты бір қаржы көзі жоқ, ал банктер бұл саланы қаржыландыруға құлықсыз», - дейді ол.

Жаңбыршин инфрақұрылымның жетіспеушілігі, яғни жөндеу көрмеген сапасыз жолдар мен көлік қатынасының қиындығы шалғайда орналасқан туристік орындарға жетуді өте қиындатып отырғанын айтты.

«Шұрқ-тесік жол қажытқан жолаушылардың демалыстан алған әсері су сепкендей басылып, енді қайтып онда келгісі келмей қалады. Басқасын былай қойғанда, әйгілі Алакөлге апаратын жолдың өзі әлі толық жөнделіп бітпей жатыр. Сонымен қатар, жазда демалушылар легі көп болғандықтан, поездарға билет тапшы. Оған қоса, жолаушылар вагондарының да көбінің тозығы жеткен. Ал туристік санаттағы пойыздар атымен жоқ. Туристерді таситын автобустарды ұмытқанымыз қай заман?!Ал ұшақтар бағасы да аспандап, қарапайым демалушыларға қолжетімсіз болып тұр. Еліміздегі әуе тасымалында лоукостерлердің үлесі 21-ақ пайыз екен. Мысалы, Грузияда лоукостерлер 56 пайызды құрайды. Сондықтан азаматтық авиация саласы осы мәселені де ойластырғаны жөн», - дейді ол.

Депутат тартымды туристік пакеттер дайындап, оларды насихаттау жағы да кемшін екенін жеткізді.

«Сырттан келушілерді былай қойғанда, ішкі туризмнің де әлеуеті жеткілікті пайдаланылмай жатыр. Тіпті елімізде балалар лагерінің өзі мүлдем жетіспейді. Олар бар болғаны балалардың 10-ақ пайызын қамтиды екен», - деді оол.

Айтылғандарды ескере отырып, Үкіметке туризмді дамыту бойынша келесі шараларды ұсынамыз:

  • Дәстүрлі ауылшаруашылығымызды этно, эко және гастрономиялық туризм нысандарына айналдыру бойынша қолдаулар көрсету. Өйткені қазір бұзылмаған табиғат пен таза тамақ өнімдеріне сұраныс артып келеді.
  • Туризм саласын несиелендіруге арналған бағдарлама жасап, қаржы институттарын анықтау;
  • Жыл аяғынан дейін Мемлекет басшысы айқындағы туристік аймақтардың әр қайсысынан кемі үш ауқымды жаңа жобаларды анықтап және құрылысын бастау;   
  • Осы жылдың аяғына дейін Мәжіліске келіп Президенттің туризм саласына байланысты берген тапсырмаларының орындалысы туралы есеп беру.