Министрдің айтуынша, ондай бағыттағы контент қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін
ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева әлеуметтік желіде киіз үйде би билеп, бейәдеп әрекетімен қоғам назарын аудартқан бейнеролик туралы айтты, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«БАҚ пен әлеуметтік желілердің маңызы арта түскен қазіргі кезде қандай контент жасалып, бөлісіліп жатқанына ерекше мұқият болуымыз керек. Адамдардың көңіліне қаяу салып, мәдени және ұлттық болмысымызға сызат түсіретін жазбалар мен бейнероликтерге жол берілмейді», - деп жазды министр өзінің Facebook әлеуметтік парақшасында.
Министрдің айтуынша, мұндай контент қоғамда алауыздық тудыруы мүмкін. Арандатушылыққа да ұрындыруы ықтимал.
«Әрине, өскелең ұрпақ тәрбиесіне кері әсерін тигізеді. Видеоның мазмұны қазақ халқының құндылықтары мен салт-дәстүрлеріне қайшы келеді. Тағы бір мәселе өте маңызды. Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыстар дәстүрлі құндылықтарымызды сақтау мен насихаттауда ерекше жауапкершілікті талап етеді. Ұлттық құндылықтардан бас тарту мәдениетімізге, салт-дәстүрімізге және әдет-ғұрыптарымызға қашан да қауіп төндіреді», - деп жазды министр.
Сондай-ақ ол бірлігіміз бен тұрақтылығымыздың мызғымас негізін сақтау – ортақ парызымыз екенін ескертті.
«Мен медиа-процессте жүрген барша адамдарды контент жасауда мұқият болуға шақырамын. Кез келген шығармашылық жұмыста ұлттық салт-дәстүр мен құндылықтарды құрметтеуге басымдық таныту керек. Жұдырықтай жұмылып, бірлесе жұмыс істеп қана халқымыздың басын біріктіріп, бөлшектеуге болмайтын бай мәдени мұрамызды сақтап қала аламыз», - делінген жазбада.