«Балалардың басынан кастрюльмен ұрған»: Павлодарда балабақша тәрбиешісіне қатысты қылмыстық іс қозғалды

Автор: Azattyq Rýhy

Тәрбиеші барлық жайт анықталғанша қызметінен шеттетілген

Фото: istockphoto.com

Балабақша қызметкері 1-2 жасар тілі шықпаған бүлдіршіндерді басынан кастрюльмен ұрған. Ата-аналар бұл жайтты бейнебақылау камерасын қарау барысында білген, деп хабарлайды Azattyq Rýhy ҚазАқпаратқа сілтеме жасап.

Әлеуметтік желіде Павлодар қаласындағы № 16 балабақша тәрбиеленушілерінің ата-анасы мекемеге шағымданып, жазба жариялады.

Биылғы 3-4 маусым күндері түсірілген бейнежазбада тәрбиешінің кішкентай балаларды басынан кастрюльмен ұрып жүргені түсіп қалған.

«Ата-аналар полицияға жүгінді. Тәрбиешіге кәмелетке толмағандарды тәрбиелеу міндеттерін орындамағанына байланысты қылмыстық іс қозғалды, оның қорытындысы бойынша процесуалдық шешім қабылданады», — деп хабарлады өңірлік полиция департаментінен.

Павлодар қаласы білім бөлімінің басшысы Қуаныш Қыдырәлин қазіргі уақытта мектепке дейінгі мекемеде қызметтік тексеру жүргізіліп жатқанын мәлімдеді.

Тәрбиеші барлық жайт анықталғанша қызметінен шеттетілген.