Жоқ Iphone телефондарын сатқан алаяқ ұсталды

Автор: Azattyq Rýhy

Жасөспірім 4 астаналықты алдаған

Фото: istockphoto.com

Елордада жоқ Iphone телефондарын сатқан алаяқты әшкереленді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Байқоңыр аудандық ПБ тәртіп сақшылары жедел-іздестіру іс-шараларын өткізу барысында астаналықтарды интернет-ресурстар арқылы алдап кеткен 17 жастағы жасөспірімді анықтады.

Тергеу барысында кәмелетке толмаған ОЛХ сайтына нарық құнынан төмен бағада Iphone телефондарын сату туралы хабарландырулар жариялағаны анықталды.

Ол тауардың аз қалғанын және сатып алуға ниет білдіргендердің көптігін сылтауратып, жәбірленушілерден мобильді банкинг арқылы 8 мың теңгеден 80 мың теңгеге дейінгі алдын ала төлемді аударуды сұрағаны белгілі болды.

«Бүгінгі күні жас алаяққа алданған 4 астаналық полицияға жүгінген. Солардың бірі 24 жастағы қала тұрғыны тиімді бағада ұялы телефон алмақшы болып, сатушыға 50 мың теңге алдын ала төлем жіберген. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Қазіргі кезде басқа да зардап шеккендер анықталып жатыр», - деп хабарлады полиция.

Кәмелетке толмаған жасөспіріммен заңды өкілінің қатысуымен профилактикалық әңгіме жүргізілді. Астана қаласының полиция департаменті азаматтарға қырағы болуға, бейтаныс адамдарға ақша бермеуге, күмәнді ұсыныстарға сенбеуге кеңес береді.