Біреуі қабірде, біреуі комада: әскерде баласы өлген, ұлы мүгедек болған аналар Алматыда бас қосты

Автор: Темірхан Айжан

Баспасөз мәслихатында ауыр хәлде жатқан Ербаян Мұхтардың анасы мен  қаза тапқан сарбаз Алмас Шахимовтың анасы қатысты

видеодан скриншот

Алматыдағы Бауыржан Момышұлы атындағы 5571 әскери бөлімде қаза тапқан, мүгедек болып қалған сарбаздардың аналары жиналып, журналистерге баспасөз конференциясын берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Бәрінің іздейтіні бір әділдік. Жүрегі қан жылаған аналар балаларының өлімі мен өлімші халге жеткізгендердің жазаланғанын қалайды, бірақ түрлі себеппен істің сотқа жетпей жатқанын айтып шырылдап отыр.

Алматыдағы әскери бөлімшеде жарақат алып, ауруханада ауыр халде жатқан Ербаян Мұхтардың анасы мен туыстары 6 айдан бері денсаулығы оңалмаған жігіттің өміріне қатты алаңдаулы. Айтуларынша, кейінгі екі күнде дәрігерлер сарбаздың «қызуы көтеріліп жатыр» деп науқастың жанына кіргізбей қойған. Ауруханада әскери дәрігерлер де жүр. Ербаянның анасы Гүлсім Қамиева дәрігерлердің беріп жатқан дәрісіне де, күтіміне де күмәнмен қарайды. Егер баласына бірдеңе болатын болса, әскерилерден көретінін мәлімдеді.

Ербаян Мұхтардың әскердегі және қазіргі суреті: Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Ербаян Мұхтардың ағасы Наурызбай інісінің жағдайы туралы көпшілікке ашық айтқаннан соң, іздеріне кісі түскенін айтты. «Қазірде күні-түні әскерилердің аңдуында жүрміз. Екі машина таңнан кешке дейін қарауылдап жүретін болды», - дейді ол.

Сарбаздың туыстары қазір адвокаттарымен бірге тергеу істерін жандандырумен айналысып жатыр. Олар Бас әскери прокуратуға бірнеше арыз түсірген:

Біріншісі, тергеу тобын қайта қарастыру, топтың ішінде 5571 әскери бөлімнің қызметкерлерінің болмауын қамтамасыз ету; екіншісі, кем дегенде 4 қылмыстық іс: «азаптау», «өлімге итермелеу», «бопсалау», «қылмысты жасыру» бойынша істің тергелуі; үшіншіден, әскери аурухананың үстінен қылмыстық іс қозғау.

Жиынға 5571 әскери бөлімінде 2022 жылы 19 жасында қаза тапқан Алмас Шахимовтың анасы мен әжесі қатысты. Ресми мәлімет бойынша, Алмас Алматыдағы полигонда құмды дауыл кезінде әріптестерін құтқарып жүргенде басына шатырдың метал жақтауы құлап қайтыс болған. Бірақ туыстарының қолындағы айғақтар басқаша сөйлейді. Алмастың әжесінің баяндауынша, бозбаланың денесінен 26 жарақат анықталған, оның үшеуі пышақ іздері.

«Ешқандай дауыл болмаған. Офицер бақайына автоматтың басындағы штык-пышақты тыққан, сол кезде етін жұлып әкеткен. Алақанында да сондай жарақат бар. Тізесінде үшбұрыш сияқты жарақат та штык-пышақтың ізі. Санына біз бен шеге тыққан. Бірақ мұны сараптамада жазған жоқ, жасырып қалды. Арқасын темекімен күйдірген, иығынан керзі етікпен тепкен. Бүйректі түсірген. Бізге баланы әкелгенде азотқа салып, көгерген жерлерін кетірген», - дейді марқұмның әжесі.

Алмас Шахимовтың туыстары әскерилер бейнежазбаларды жойып, жігіттің қанға боялған киімін жоғалтып жібергеннен кейін істің жабылып қалатынын сезіп, эксгумация жасатады. Экспертиза нәтижесінде жігіттің дауыл кезінде қайтыс болмағаны, адам қолынан қаза тапқаны белгілі болған. Айтуларынша, қазір құқық қорғау органдары тергеу ісін баяулатып, уақытты әдейі созып отыр.

Тегтер: