Оның айтуынша, дәрігерлік – өмір бойы қызметті жалғастыра беруге болатын мамандық
Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова науқастары АИТВ (ВИЧ) жұқтырған Алматы ауруханасының жұмыстан қуылған дәрігері туралы сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
«Тергеу аяқталды. Жұмыстан қуылған бас дәрігер зейнет жасында. Дәрігерлік дегеніміз – зейнетке шыққан соң да қызмет ете беретін сала. Сондықтан ол қазіргі күні де жұмыс істеп жүр. Бірақ басшылық лауазымды қызметтерге тағайындалатын мүмкіндік бар деп ойламаймын. Тәжірибелі дәрігер, ғалым ретінде өзінің қызметін жалғастыра береді», - деді министр.
Еске салсақ, Алматыдағы Орталық қалалық клиникалық ауруханасында 3 адам АИТВ (ВИЧ) инфекциясын жұқтырғаннан кейін мекеменің бас дәрігері Нариман Табынбаев жұмыстан шығарылған. Оқиғаға байланысты эпидемиологиялық тергеу жүргізіліп, науқастардың ауру жұқтыруына аурухананың медициналық қызметкерлері кінәлі екені анықталған.