«Шақырған жерден қалма...»: депутат Қазыбек Иса экс-әріптесінің аста-төк тойы туралы сұраққа қатты ашуланды (ВИДЕО)

Автор: Azattyq Rýhy

Экс-депутат Мақсат Раманқұловтың тойы әлі ел аузында жүр

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Мәжіліс депутаты, «Ақ жол» фракциясының мүшесі Қазыбек Иса - халық қызу талқылап жатқан кәсіпкер Мақсат Раманқұловтың тойында бой көрсеткен танымал адамдардың бірі. Azattyq Ruhy тілшісі депутаттан «халық су тасқынымен алысып жатқанда оның және экс-әріптесінің осылай той тойлауы адамшылыққа жата ма?» деп сұрады. Депутат бірден экс-әріптесін жақтап, кәсіпкер той жасамасын деген ұғымның жоқ екенін алға тартты.

«Ол біздің бауырымыз, бұрынғы депутат. Елу жас тойына шақырса, қалай бармайсың? Қазақта «шақырған жерден қалма, шақырмаған жерге барма» деген сөз бар, соны алдымен ұғып алыңдар. Өздеріңізді тойға шақырса бармайсыздар ма? Әлде, кәсіпкер тойын жасамасын деген ұғым бар ма?», - деген депутат мәжіліс залына қарай бет алды.

Бірер сәттен кейін журналистерге кері бұрылып, экс-әріптесі Мақсат Раманқұловтың су тасқынына қалай көмектескенін айтып кетті.

«Сол тасқынға 5 миллион теңге аударған. 15 машина жіберген. Қайырымдылық жасап, қарттар үйіне, жетімдер үйіне тамақ берді. Осыны ішіне қосып жазыңдар», - деді журналистерге бұйыра сөйлеген Қазыбек Иса.

Ал Қазыбек Исаның қазіргі әріптесі, «ақжолдық» Азат Перуашев болса Раманқұловтың байлығын сөз етіп, табысынан хабар берді.

«Ол кісі тек қана Астана бойынша жиырма шақты тұрғын үй кешенін салды. Яғни, жағдайы бар кәсіпкер. Депутаттыққа дейін де бизнесте болған, депутаттықтан кейін де бизнеске қайтып келді. Ол туған күнін қай деңгейде өткізсе де өзі біледі ғой», - деді Азат Перуашев.

Естеріңізге сала кетейік, экс-депутат Мақсат Раманқұловтың 50 жас мерейтойы желіде қызу талқыланып жатыр. Мерейтойға келген қонақтарға автокөлік, пәтер, Дубай мен Италияға жолдама, IPhone маркалы 10 телефон, иіссу, сондай-ақ, басты сыйлық – Астанадан пәтер сыйланған. Оның бәрі лотерея арқылы таратылды.

Тегтер: