1 жылда 4 мыңнан астам адам тұрмыстық зорлықтан қашып, көмек сұраған
2023 жылы Қазақстанның дағдарыс орталықтарына тұрмыстық зорлық-зомбылықтан қашқан 4 мыңнан астам адам жүгінді. Оның ең көбі - Астанадан, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
ҚР Адам құқықтары жөніндегі уәкіл кеңсесі «Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы іс-қимыл туралы» арнайы баяндама жасады. Ақпаратқа сүйенсек, 2023 жылы Дағдарыс орталықтарына 4 мыңнан астам адам жүгінді. Оның ішінде 3 мыңнан астамы медициналық көмек алып, 1 мыңға жуығы жұмысқа орналастырылды.
«2023 жылы дағдарыс орталықтарына көмек сұраған адамдардың саны 4386 құрады. Аталған кезеңде көмек сұрағандардың көбі Астанада – 510, Алматыда – 410, Шымкентте – 358 және Қызылорда облысында – 331. Ал, көрсеткіш төмен көрсеткен өңірлер қатарында Шығыс Қазақстан облысы - 90, Маңғыстау облысы – 60 және Солтүстік Қазақстан облысында – 31 адам», - делінген баяндамада.
Адам құқықтары жөніндегі уәкіл Артур Ластаев құрбандардың басым көпшілігі қажетті көмек ала алмайды деген қорытындыға келеді. Тұрмыстық зорлық – зомбылық құрбандары көбінесе құқық қорғау органдарына жүгінбейді, демек, зардап шеккендер ретінде анықталмайды және нәтижесінде арнайы әлеуметтік қызметтерге қол жеткізе алмайды, деді ол.