Холдингтің бұған дейінгі біраз басшысы мемлекеттік тілді жетік білмейтін
Бүгін үкімет отырысынан соң журналистердің сұрағына жауап берген «Бәйтерек» ұлттық басқарушы холдингі» АҚ басқарма төрағасы Рустам Қарағойшин тек мемлекеттік тілде сөйледі. Ресми орыс тілінде қойылған сұрақтарға да тек қазақ тілінде жауап берді. Анықталғандай, ол жұмысындағы жиналыстарды да тек қазақ тілінде өткізеді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Қарағойшиннің айтуынша, ол бұрын ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істеп, ауыл адамдарымен көп араласқан.
«Мен өзім ауыл шаруашылығы саласында жұмыс істедім. Ол жақта біршама ауыл адамдарымен кездесіп, жұмыс істеп келдік. Сосын, қазақ болғаннан кейін өзіміздің тілімізді дамыту керек. Сондықтан, қазір біздің «Бәйтерек» мекемесінде басқарма отырыстары қазақша өтеді. Осыдан әрі қарай қазақ тілін дамытуға тырысамыз. Бірақ, біреулерге «тек қазақша сөйле» деп қысым көрсетпейміз. Өзіміз үлгі болып, артымыздан үйренсін деген мақсатым бар», - деді Рустам Қарағойшин.