Депутат Нұрсұлтан Байтілесовтің айтуынша, қазір соттағы аудармашыларға 1 сағат жұмыс үшін 369 теңге төленеді
Мәжіліс депутаты, AMANAT партиясы фракциясының мүшесі Нұрсұлтан Байтілесов Қазақстан Республикасының Премьер-Министрінің орынбасары Тамара Дүйсенованың атына депутаттық сауал жолдай отырып, соттағы аудармашыларға төленетін ақының мардымсыз екенін айтты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
«Қазіргі таңда азаматтық және әкімшілік істер бойынша аудармашыларға төлем Үкіметтің 1992 жылғы қаулысы негізінде төленеді. Оған сәйкес 1 бетті аударғаны немесе 1 сағаттық жұмысы үшін 369 теңге төленеді. Ал егер процесс жарты сағатқа созылса, онда төлем осы соманың жартысын құрайды, яғни 180 теңге», - деп мәлім етті депутат.
Оның айтуынша, Президент Қасым-Жомарт Тоқаев қоғамдағы заң үстемдігіне, соттың төрелігіне әрқашан баса назар аударады. AMANAT Партиясы сайлауалды бағдарламасында сот процесіндегі тараптардың теңдігін қамтамасыз ету мәселесі жіті қарастырылған.Сот төрелігіне қол жеткізу құқығы іргелі халықаралық стандарттардың бірі, әр азаматтың конституциялық құқығы.Конституцияға сәйкес әркім сот арқылы қорғалуына құқылы және сот алдында бәрі тең.
«Қазақстан Республикасы қолданыстағы заңнамасы сот өндірісі бойынша кез келген азаматтың іс жүргізілетін тілді білмесе немесе жеткіліксіз меңгермеген жағдайда аудармашы қызметін тегін пайдалану құқығымен қамтамасыз етеді. Яғни, сот отырысындағы аудармашы сот процесінің қатысушысы болып табылады және істі қарау үшін маңызды ақпараттың дәлдігі аударманың сапасымен тікелей байланысты. Сот төрелігінің әділдігі, тараптардың теңдігі аудармашының кәсіби біліктілігіне байланысты. Ал, білікті маманды тарту оның өтем ақысына тәуелді», - дейді ол.
Депутаттың айтуынша, қазір Қазақстан нарығында 1 парақ мәтіннің, 1 сағаттың аударма жұмысы 5 мың теңгеден жоғары бағаланады. Ал синхрондық аударма құны 10 мың теңгеден басталады.
«Жақында өткен, қоғамдық резонанс тудырған іс бойынша аударма қызметінің сапа деңгейіне куә болдық. Бүгінгі күні сот ісіне тартылған аудармашылар осындай төмен мөлшердегі төлемге байланысты қызмет көрсетуден бас тартады. Салдарынан, сот процестері кешіктіріліп, хатшылар басқа аудармашыларды іздеп, оларға қызмет көрсетуге жалынуға тура келеді. Тіпті жол шығындарын өтеуге жетпейтін қаражатпен еліміздің соттары азаматтарды аудармашымен қалай қамтамасыз етпек?!», - дейді ол.
Оның айтуынша, көршілес елдерде сот аудармашыларының бір сағаттық жұмыс ақысы 7500 теңгеден басталады, бұл біздің соттардағы аудармашылардың өтемақысынан 20 есе көп.
«Құзырлы орган ретінде Қазақстан Республикасының Сот әкімшілігімен бюджеттен қосымша қаражат талап етпестен, өз қаражаты есебінен аудармашылардың қолданыстағы өтемақы мөлшерін көтеруге бірнеше рет ұсыныс жасалды. Алайда, Үкімет тарапынан бұл мәселе қолдау таппай келеді. Осыған орай, қазіргі нарықтық заманның деңгейіне сәйкес аудармашылардың өтемақысын қайта қарау қажет деп санаймын. Бұл өз кезегінде соттарда заң үстемдігін қамтамасыз ету мақсатында білікті және тәжірибелі аудармашыларды тартуға мумкіндік береді. Сондықтан, аудармашылардың өтемақы мөлшерін нарықтық бағаларға сәйкестендіріп қайта қарауды және оны өз бақылауыңызға алуды ұсынамыз», - деді сөзін аяқтаған Байтілесов.