Соңғы қоңыраудан кейін 800 мыңнан астам оқушы тағы бес күн сабақ оқиды

Автор: Аубакирова Нургуль

Биыл соңғы қоңырау 25 мамырда соғылады

Фото: istockphoto.com / pcess609

Оқу-ағарту министрлігі соңғы қоңыраудан кейін 832 мың оқушы үшін «Жазғы мектеп» жұмысын ұйымдастырады, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Бұл туралы үкімет отырысында оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мәлімдеді.

«Су тасқынынан зардап шеккен және ауа райының қолайсыздығына байланысты қыс мезгілінде қашықтан оқыған 2622 мектептің 832 мың оқушысы үшін 27-31 мамыр аралығында «Жазғы мектеп» жұмысы ұйымдастырылады. Жазғы мектепті ұйымдастырудың негізгі мақсаты – оқушы біліміндегі олқылықтардың орнын толтыру арқылы білім сапасын арттыруға бағытталған», - деді ол.

Сондай-ақ, оның айтуынша, табиғи сипаттағы төтенше жағдай жарияланған өңірлердің 3 581 оқушысы аралық және қорытынды емтихандардан босатылды. Олар Атырау облысында 3 мектептің 1531 оқушысы, Ақтөбе облысынла 9 мектептің 1296 оқушысы, Солтүстік Қазақстан облысында 5 мектептің 754 оқушысы.

Қорытынды баға жылдық баға негізінде қойылады.

Айта кетері, биылғы оқу жылын 3,8 млн оқушы аяқтағалы отыр. Оның ішінде бастауыш сыныпты – 374 мың, негізгі мектепті – 341 мың бала тәмамдайды. Ал 186 мың түлек мектеп қабырғасынан түлеп ұшады. «Алтын белгіге» үміткерлердің саны – 7 704.

«Оқу жылын «Білімім – Отаныма» атты бірыңғай сынып сағаттарын өткізумен аяқтау жоспарланып отыр.Сонымен қатар, мектеп түлектеріне  арналған «Мектебім, саған мың алғыс!» атты салтанатты іс-шарасы 25 мамырда өтеді», - деді министр.

Аттестаттарды табыстау рәсімі 12-15 маусым аралығына белгіленген.