Ағайындылар 1 айдан бері блок-бекеттерді күзетуде
Ақын Бексұлтан Көлбаевтың екі ұлы да Алматы қалалық Полиция департаментіне қарасты жедел әрекет ету бөлімшесінде қызмет етеді. Олар карантин басталғалы бері үйлеріне бармаған. Екеуі де казармада тұрып жатыр.
Бағдат пен Ернат Бексұлтанов төтенше жағдай кезінде қоғамдық тәртіпті орнатуға күш салып жатыр. Үйге сирек келетін ұлдарының ауыр қызметке жегілгенін естіген әке оларға өлең шығарып, қиындыққа шыдау керек екенін айтып жігерлендірген.
«Менің екі ұлым да ішкі істер органдарында қызмет етеді және біз оларды мақтан тұтамыз. Олардың жұмысы – азаматтарды қорғау және қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Қазір қоғам ерекше қорғауды қажет ететін қиын кезеңде. Сондықтан ұлдарымның жұмысы аса маңызды. Олар 16 наурыздан бастап үйге келген жоқ, қызмет көрсетудің күшейтілген режиміне көшкен, қазір казармада тұрады. Біздің халқымызға қауіп төнді, сондықтан осы аурумен күресте Бағдат пен Ернаттың да рөлі өте маңызды екенін отбасымыз жақсы түсінеміз. Менің білуімше, олар бақылау-өткізу пункттерінде қызметте, бірақ ұлдарым өз жұмысы туралы көп айтпайды», - деді Бексұлтан Көлбаев.
Бақылау-өткізу бекеттерінде қызмет етіп жүрген ағайындыларды бүкіл әулет күтіп жүр. Майор Бексұлтановтың өзі де көпбалалы әке. Ал Алматы қалалық Полиция департментінің басшылары олардың жұмысына жақсы баға берді.
«Бексұлтановтар қызметте жетістікке жетіп, үнемі өз кәсібилігін жетілдіріп отырады. Төтенше жағдай кезінде Алматыда қазір 6 мыңға жуық полиция күшейтілген режимде қызметте жүр. Олардың арасында 1,5 мыңға жуық полицей Бексұлтановтар секілді казармада тұрып жатыр. Араларында облыста тұратындары бар, сондықтан қаладан шықпайды», - деді Алматы қаласы Полиция департаментінің ресми өкілі Салтанаат Әзірбек.
Ал қос ұлын сағынып, қолына қалам алған әке өлеңін ел қауіпсіздігі мен тыныштығы үшін жанқияралық жұмыста жүрген өзге де полицейлерге арнайтынын айтты.
Әмірболат Құсайынұлы, Алматы