Шымкентте 16 құтқарушы коронавирус жұқтырды

Автор: Azattyq Rýhy

Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында Денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов мәлім етті

Фото ашық дереккөзден

Жалпы, өткен тәулікте Қазақстан бойынша коронавирус инфекциясын жұқтырған 141 адам тіркелген. Оның көбі Алматы қаласының тұрғындары, деп хабарлайды Azattyq Ruhy тілшісі.

«Өсім деңгейі 8,2 процентті құрады. Ең көп науқас Алматы аласында – 82 адам және Шымкентте – 23 науқас тіркелді. Алматы қаласында тіркелген 82 науқастың 78-і жоспарланған скрининг тестің негізінде анықталды. Олардың алпысы сол орталық қалалық клиникалық аурухананың ішіндегі науқастар мен медициналық қызметкерлер», - деп хабарлады Біртанов.

Ал, Шымкентте тіркелген 23 науқастың 16-сы скрининг бойынша анықталған науқастар, олар төтенше жағдай департаментінің қызметкерлері. «Қалғандары емделіп жатқан пациенттер мен изоляцияда жатқан азаматтар», - деді Біртанов.

Айта кетейік, Қазақстанда бүгінге дейін коронавирустан жалпы 19 адам қайтыс болып, 447 науқас емделіп шықты. Біртановтың айтуынша, қазір 1386 науқас емделіп жатыр. Олардың арасында 100 бала бар.

«258 науқастың жағдайы орташа, 32 адам ауыр хәлде жатыр, ал 1096 пациенттің жағдайы бірқалыпты», - деді Үкімет отырысында Премьер-министрге баяндама жасаған Денсаулық сақтау министрі.