Қазақ әртістері Ұлыбритания жұртын таң қалдырды (ВИДЕО)

Автор: Темірхан Айжан

Олар жобаның екінші турына өтті 

Фото: видеодан кадр

Қазақ мемлекеттік циркінің әртістері Britain's Got Talent («Британия талант іздейді») телешоуында күрделі акробатикалық нөмірді орындап, көрермендерді таң қалдырды, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Танымал британдық шоуда Батыр Жанұзақ, Марлен Маратов және Зарина Дигарбекова өнер көрсеткен.

«Олар нөмірді орындағанда жүрегіміз дүрсілдеп кетті. Акробаттар тепе-теңдікті сақтай отырып, бірінің басына бірі қолын тірей, баспалдақпен көтерілгенде, керемет шеберлікке қарап, аузымыз ашылды. Мұны үйде қайталап жүрмеңіз», - деді жобаны ұйымдастырушылар.

Жобаның көрермендері мен қазылар алқасы Саймон Коуэлл, Аманда Холден, Алиша Диксон және Бруно Тониоли әртістерге қошемет көрсетті. Қазақстан әртістері 17 мамырда өтетін жобаның екінші турына жолдама алды. 

Britain's Got Talent – әлемнің талантты адамдарын сахнаға жинайтын танымал реалити-шоу. Жоба жеңімпаздары ақшалай сыйлық алып, 2024 жылдың қарашасында Лондонда өтетін Royal Variety Performance-те өнер көрсету мүмкіндігіне ие болады.