Тоқаев су тасқынымен күрескен 300 сарбаздың еңбегін ерекше атап өтті

Автор: Azattyq Rýhy

Олар Солтүстік Қазақстан облысында бөгет орнатқан әскерилер

Фото: Ақорда

Бүгін Ақордада президент Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекеттік наградалар, жоғары әскери және арнаулы атақтар, сыныптық шендер тапсыру рәсіміне қатысты, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Ақорда хабарлағандай,  Қазақстан Қарулы Күштерінің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жиынға қатысушыларды Отан қорғаушы күнімен және алда келе жатқан Жеңіс күні мерекесімен құттықтаған. Өз сөзінде президент елдегі су тасқыны кезінде халықтың жанынан табылған сарбаздарға алғыс айтты.

«Биыл біз соңғы 80 жылдағы ең жойқын тасқынға тап болдық. Елге қатер төнген сәтте сарбаздарымыз алдыңғы шептен табылды. Ұлттық ұлан, Ішкі істер министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті, Төтенше жағдайлар министрлігі және Мемлекеттік күзет қызметінің жеке құрамы антқа адал болудың үлгісін көрсетті. Алапат тасқынға төтеп беру үшін 9 мыңнан астам әскери қызметші жұмыла еңбек етті», - деді Тоқаев.

Президент өз сөзінде су тасқыны болған өңірлерге мыңнан астам техника жеткізілгенін атап өтті.

«Осы орайда Солтүстік Қазақстан облысында апатқа қарсы күрескен 300 сарбаздың еңбегін ерекше атап өткім келеді. Олар күні-түні бөген салып, қаланы қарғын судан құтқаруға атсалысты. Жергілікті тұрғындар бұл сарбаздарға айрықша риза болды, оларды зор құрметпен шығарып салды. Міне, халық пен армияның мызғымас тұтастығы дегеніміз – осы. Мұндай мысалдар аз емес», – деді Президент.