Соңғы үш айда Қазақстанда 406 адам үйқамаққа алынған
13 сәуір күні коронавирус инфекциясының таралуына байланысты Қазақстанның басқа да бірнеше аймағы сияқты Павлодар облысы карантинге жабылды. Облыстың бұрынғы әкімі Болат Бақауов «лауазымын асыра пайдаланды» деген күдікпен 2020 жылдың ақпан айынан бері үйқамақта отырғандықтан, аймақ тұрғындары карантинді әзілге айналдырып, #әкімменБіргеміз хэш-тегін бастаған еді.
Azattyq ruhy жыл басынан бері Қазақстанда қанша адам үйқамаққа алынғанына, олардың қаншасы лауазымды тұлға екеніне, жас ерекшелігі мен олардың қандай құқықтары барына, үйде отырса да, қандай шектеулерге тәуелді екеніне тоқталады.
АЙЫНА 100-ДЕН АСТАМ АДАМ ҮЙҚАМАҚҚА АЛЫНАДЫ
Біздің ресми сауалымызға жауап берген Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитеті жыл басынан бері неше адам үйқамаққа алынғанын хабарлады.
«Сотқа дейінгі тергеп-тексеру реестрінің мәліметтеріне сәйкес, 2020 жылдың 3 айында 406 тұлғаға қатысты үйқамақ түріндегі санкция қолданылды. Үйқамаққа алынғандардың ең жасы 15 жаста, ең үлкені 68 жаста», - делінген комитеттің ресми жауабында.
Ал, небары үш айдың ішінде Қазақстан бойынша 14 адам сыбайлас жемқорлық қылмысын жасады деген күдікпен үйқамаққа алынған. Комитет олардың аты-жөндерін мәлім еткен жоқ. Әзірге Павлодар облысының әкімі болған Болат Бақауовтың үйқамақта отырғаны ғана ашық хабарланып жүр. Оның қатарына жуырда (30 наурызда) Қызылорда қаласының экс-әкімі Қуанышбек Ысқақов қосылды.
ҚОЛДА БІЛЕЗІК, ДАЛАДА КҮЗЕТ. ҮЙҚАМАҚТЫҢ БАСТЫ ШЕКТЕУЛЕРІ ҚАНДАЙ?
Әрине, карантин аса қажет болмаса, адамдарды үйден шықпауға міндеттейді. Заң бойынша, үйқамақтың да талабы сол. Тіпті, үйқамақтағы адам ішінара далаға шығуға құқылы болуы мүмкін. Ішкі істер министрлігінің ресми жауабына сүйенсек, сот әрбір істі әртүрлі бағалап, үйқамақтағы адамды толық немесе белгілі бір уақытта үйден шығуға тыйым салады.
«Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 146-бабына сәйкес, үйқамақ ұстау дегеніміз - күдіктіні, айыпталушыны оларды күзетпен ұстамай, бірақ судья белгілеген шектеулерді қолдана отырып қоғамнан оқшаулау деген сөз. Үйқамақ қолданылған кезде күдіктіге, айыпталушыға, сотталушыға қатысты бір немесе бірнеше шектеу қолданылуы мүмкін», - деп жауап берді ішкі істер министрлігі.
Шектеулердің тізіміне тоқталсақ, біріншіден, үйқамақ күдіктіге, айыпталушыға, сотталған адамға тұрғын үйден толық немесе белгілі бір уақытта шығуға тыйым салады.
Осы баптың бесінші тармағында көзделген жағдайларды қоспағанда, телефон келіссөздерін жүргізуге, хат-хабар жөнелтуге және байланыс құралдарын пайдалануға тыйым салынғаны хабарланып отыр. Ал, бесінші бап «бақылау телефон қоңырауларына немесе өзге де бақылау сигналдарына жауап беруді міндеттейді, телефон арқылы қоңырау шалуға немесе белгілі бір уақытта анықтау органына келуге міндеттейді». Яғни, үйқамақтағы адам өзін бақылайтын органга есеп беріп отыру үшін телефон қолдануы мүмкін деген сөз.
Бұл шектеулерден басқа, үйқамақтағы адам белгілі бір адамдармен қарым-қатынас жасауды тоқтатып, үйіне ешкімді қабылдамайтын жазаға кесілуі мүмкін.
«КҮНДІЗ ЕКІ РЕТ, ТҮНДЕ БІР РЕТ ТЕКСЕРУГЕ ҚҰҚЫЛЫ»
Құқық қорғау органдары үйқамақта отырған адамды белгілі бір уақытта тексеріп тұрады. Бірақ, заң бойынша ол тексеруге үйқамаққа алынған адамның отбасы мүшелері рұқсат беруі керек. Ал, тексеруге келген лауазымды адам қамақтағы адамның үйінде отыз минуттан артық уақыт бола алмайды.
«Қамауға алынған адамның үйден шықпауға қатысты шектеулерді сақтауын қадағалап, тексеру үшін қылмыстық процесті жүргізуші орган тәуліктің кез келген уақытында оның тұрғылықты үйінде бар ма, жоқ па екенін тексеруге құқылы. Тексеру күндізгі уақытта екі реттен, ал түнгі уақытта бір реттен аспауы керек. Лауазымды адам қамауға алынушының тұрғын үйінде осы адамның және онымен бірге тұратын адамдардың келісімімен ғана бола алады және ол отыз минуттан аспауға тиіс», - деп жауап берген Ішкі істер министрлігі.
Айтпақшы, Болат Бақауовтың үйқамақта отыратын уақыты 13 мамыр күні аяқталады. Оған қатысты кейін қандай санкция қолданылары әзірге белгісіз.
Кенжекей Тоқтамұрат, Нұр-Сұлтан