Күдіктіні бір ай тергеу изоляторында ұстау құны 750 000 теңге
Бүгінде бір адамды тергеу изоляторында ұстауға кететін шығын айына шамамен 750 000 теңгені құрайды. Бұл ретте тергеу мен сот процесстерінің орташа уақыты 3 айдан 6 айға дейін созылады десек, адамды бір іс бойынша қамауда ұстау мемлекетке 6 миллион теңгеге дейін шығын келтіреді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Астана қалалық сотының ресми сайтында хабарланғандай, қазір үй қамақтағы күдіктілерге электронды білезік қолдану тәжірибесі көбейіп келеді. Мәселен, 2021 жылы 2 адам, 2022 жылы 19 адам, 2023 жылы 32 адам, 2024 жылдың 4 айында 6 адам үй қамаққа жіберіліп, электронды білезік тағып жүргені хабарланып отыр.
«Күдікті білезікті шешкісі келсе, дереу тергеу органына сигнал түседі. Білезіктің қуаты 11 айға дейін жетеді, ал бір білезіктің құны шамамен 1 млн теңгені құрайды. Бүгінде бір адамды қамауда ұстауға арналған шығын айына шамамен 750 000 теңгені құрайды, яғни 2 айдағы шығын бір электрондық білезіктің құнына тең. Бұл ретте тергеу мен сот процестерінің орташа уақыты 3 айдан 6 айға дейін созылады және адамды бір іс бойынша қамауда ұстау мемлекетке 6 миллион теңгеге дейін шығын келтіретінін атап өткен жөн», - деп хабарлады сот.
Айта кетейік, қазір соттағы ісі шарықтау шегіне таяған Қуандық Бишімбаев пен туысы Бақытжан Байжанов 2023 жылдың 9 қарашасынан бері тергеу изоляторында отыр.