$ 503.42  542.08  6
ҚАЗ
×
Бұл желілік ресурстың ақпараттық өнімдері 18 жастан асқан адамдарға арналған.
03.05.2024, 10:20
Қоғам

Депутат Дәулет Мұқаев аптаның бейсенбісін тазалық күніне айналдыруды ұсынды

Оның айтуынша, қоғамда қоқысты арнайы орынға тастау мәдениеті әлі де қалыптаспай отыр

Депутат Дәулет Мұқаев аптаның бейсенбісін тазалық күніне айналдыруды ұсынды
Фото: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Дәулет Мұқаев халықты жаппай қоршаған ортаны тазалауға жұмылдыруды ұсынды, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.  

Мұқаев премьер-министрге жолдаған депутаттық сауалында қоғамда тазалық мәдениетін қалыптастыру мәселесін көтерді.

«Дана халқымыз «Таза болса табиғат, аман болар адамзат» деп бекер айтпаған. Бұл сөздің мәні терең. Өйткені адам баласының бүкіл тұрмыс-тіршілігі, барша өмірі табиғатпен біте-қайнасып жатыр. Қоршаған ортаның адам саулығы мен жай-күйіне тікелей әсер ететіні сөзсіз. Сондықтан маңайымызды таза ұстау, қоршаған ортаны күтіп-баптау, табиғатты аялау өте маңызды», - дейді ол.

Депутат өңірлерді көп аралайтынын, халықпен жиі кездесетінін атап өтті.

«Кейде таңқаларлығы, кейбір пысықайлар көлікте келе жатып терезесінен бос бөтелкелерін, қоқыс қалдықтарын, темекі тұқылын ешбір алаңдамай лақтыра салады. Қоғамда әлі де азаматтарымыздың қалдықтарды арнайы қоқыс тастайтын орындарға салу мәдениеті қалыптаспай отырғаны жасырын емес. Мысалы, пластик, әйнек және полиэтилен пакеттері 1000 жыл шіриді. Мұның Жер Анамызға, адамзат баласына, келер ұрпаққа тигізер залалы зор», - дейді мәжілісмен.

Мұқаев дамыған елдердегідей тазалық мәдениетін қалыптастыратын шараларды қолға алу керек деп санайды. Оның шешімі – жұртты қоршаған ортаны тазалауға жаппай жұмылдыру, күнделікті тазалықты өмір салтымызға айналдыру.

«Мысалы, аптаның тағы бір күнін, нақтылап айтсақ, әр бейсенбіні «Таза бейсенбі» атты шынайы халықтық шараға айналдырайық. Адамдарды мәжбүрлеп емес, керісінше өз ықыласымен, тұрған жеріне деген жанашырлықпен атсалысуына жағдай жасайық. Біз сол кезде ғана күн-түн демей, күннің ыстық-суығына қарамай көшені тазалап жүрген ата-апаларымыздың еңбегін бағалауды үйренеміз», - дейді депутат.

Осыған байланысты Мұқаев әлеуметтік желідегі миллиондаған оқырманы бар танымал тұлғаларды, қоғам белсенділерін, ел тұрғындарын осы ортақ іске бірге атсалысуға шақырды.

 

Серіктес жаңалықтары