Биыл Қызылорда өңірінде 88,2 мың гектар жерге күріш егіледі
Күріш егу жұмыстары сәуір айының 20-ынан кейін басталады
Биыл Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстарынан кейін Қызылорда өңірінде егіс науқаны басталып кетті. Осыған орай, ҚР АШМ баспасөз қызметі Қазақстан аймақтарындағы көктемгі егіс жұмыстарының барысы туралы ақпараттандыруды жалғастыруда.
Ағымдағы жылы Қызылорда облысы бойынша 183,1 мың гектарға егiс егу жоспарланып отыр. Оның ішінде негізгі дақыл күрiштің көлемі 88,2 мың гектар. Ал, басқа дәндi дақылдар 9,8 мың, майлы дақылдар 6 мың, мал азықтық дақылдары 61,6 мың, картоп, көкөнiс, бақша 17,7 мың гектарға егіледі.
Бүгінде өңірде егілген егіс көлемі 27,8 мың гектар, оның ішінде 3,8 мың (100,5%) гектары - жаздық бидай, 600 гектарға (жоспардың 105,6%) жаздық арпа, 4,8 мың гектар(85,7%) – мақсары, 18,6 мың гектар (98,9%)– жоңышқа.
Өңірдің негізгі дақылы – күріш егу жұмыстары сәуір айының 20-нан кейін басталады.
Облыста егіс көлемдерін әртараптандыру бағытында биылғы жылы соя дақылын 290 гектарға, қант қызылшасын 200 гектарға ұлғайтуды және 164 гектар жерге жеміс-жидек, жүзім отырғызу межеленіп отыр. Бұрын облыста 366,7 гектарға – алма, 2,2 гектарға – жүзім, 37,4 гектарға – басқа жеміс-жидектердің түрлері егілетін.
«Сонымен қатар, су үнемдеу технологиясын қолдану арқылы барлығы 200 гектар жерге ауыл шаруашылығы дақылдарын орналастыру жоспарлануда. Оның 80 гектарына ылғал сақтағыш технологиясын пайдалану арқылы 80 гектарға күздік бидай егілген. Тамшылатып суару әдісімен – 23 гектарға жеміс, көкөніс, бақша дақылдары, жаңбырлатып суару әдісімен – 97 гектарға жүгері, жоңышқа дақылдары егіледі», - делінген баспасөз хабарламасында.
Аймақта егістікке қажетті минералдық тыңайтқыштар мен тұқымдық материалдар толық қамтамасыз етілген. Ауыл шаруашылығы техникалары толықтай дайындалып, егіс егу науқанына қатысуда.
Облысқа 2020 жылдың көктемгі егіс және дала жұмыстарын жүргізуге 14 мың тонна арзандатылған дизель отыны бөлінген. Наурыз айына бөлінген 3250 тонна дизель отыны облысқа жеткізіліп, шаруашылықтарға толығымен таратылды. Сәуір айына бөлінген 4615 тонна дизель отынына толық келісім-шарт жасалып, 1479 тонна дизель отыны облысқа жеткізіліп, оның 700 тоннасы шаруашылықтарға таратылды.
«Мемлекет басшысының дизель отынының бағасын арзандату бойынша берген тапсырмасына сәйкес, бүгінде арзандатылған дизель отынының бағасы әр литрге 162 теңгені құрап отыр. Сондай-ай, облыста 2020 жылы межеленген егіс көлемдеріне сәйкес, көктемгі дала және егіс егу жұмыстарына қажетті қаржы көлемі 8,5 млрд теңгені құрап отыр», - делінген баспасөз хабарламасында.
«Аграрлық несие корпорациясы» АҚ арқылы 19 шаруашылық құрылымы 339,4 млн теңгеге, «Агрохолдинг Қызылорда» ЖШС арқылы 34 шаруашылық құрылымы 489,6 млн теңгеге қаржыландырылған. Фермерлерді қаржыландыру жұмыстары жалғастырылуда.