ШҚО-да құрылыста заңсыз жұмыс істеп жүрген 11 шетелдік анықталды

Автор: Azattyq Rýhy

Қазіргі уақытта олар әкімшілік жауапкершілікке тартылды

Фото: istockphoto.com

Шығыс Қазақстанның Самар ауданында 11 шетелдік азаматтың құрылыста заңсыз жұмыс істеп жүргені анықталды. Бұл туралы ШҚО ПД баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Самар ауылында көші-қон қызметінің мамандары уәкілетті органның рұқсатынсыз жеке тұрғын үйлерде құрылыс жұмыстарына тартылған көрші елдердің 11 азаматын анықтаған. 

«Қазіргі уақытта аталған бұзушылық үшін олар ҚР «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» кодексінің 517-бабы 5-бөлігімен әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Шетелдіктерге 25 АЕК (92 300 теңге) айыппұл және 1-ден 3 тәулікке дейінгі мерзімге қамауға алу түріндегі жаза қолданылады», - делінген ПД хабарламасында.

Ал жұмыс берушілер шетелдік жұмыс күшін заңсыз тартқаны үшін мемлекет кірісіне 30 АЕК (110 760 теңге) мөлшерінде айыппұл төлейді.