4 грек, 2 неміс, 5 орыс баланы бауырына басқан Жамбылдағы көпұлтты отбасы «Таза Қазақстан» акциясын қолдады

Автор: Azattyq Rýhy

Марат Оспановтың шаңырағында барлығы 15 бала бар

Фото: Жамбыл облысының әкімдігі

Жамбыл облысы Жамбыл ауданында тұратын көпұлтты Марат Оспановтың әулеті «Таза Қазақстан» экологиялық акциясын қолдап, ауласына жеміс ағаштарын екті, деп хабарлайды Azattyq ruhy.

Жамбыл облысы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлағандай,  «Жанашыр жан» қоғамдық қорының директоры Марат Оспановтың көпұлтты шаңырағында 4 грек, 5 орыс және 2 неміс ұлтының баласы тәрбие көріп жатыр. Жалпы, отбасы қазір 15 баланың жылы ұясына айналған. Оспановтар әулеті Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың бастамасымен өтіп жатқан «Таза Қазақстан» экологиялық акциясына қолдау танытып, ауласын абаттандырған. Бала-шағасымен бірге жеміс ағаштарын еккен.

Облыстық әкімдіктің баспасөз қызметінен хабарлағандай, Марат Оспанов биыл өткен «Қайырымдылық керуені» VI республикалық конкурсының «Туған жер» номинациясы бойынша қоғамдық мәселелерді шешуде ерен еңбегі үшін Құрмет грамотасымен марапатталған. Көпұлтты балаларды бауырына басып отырған отбасы көпке үлгі дейді әкімдік қызметкерлері. 

«Бүгін ерекше қуаныштымын. Мен бауырыма қанша бала бассам, шаңырағыма сонша береке келетініне бүгін тағы көзім жетті. Бүгін ауламызға еккен жеміс талдары жайқалып өсе берсін. Талдың да, тағдырымыздың да берер жемісі көп болсын», - деді Марат Оспанов.

Айта кетерлігі, Жамбыл ауданының тұрғындары «Таза Қазақстан» акциясына белсенді тұрде қатысып келеді. Дәл осындай шаралар ауданға қарасты 17 ауылдық округтегі 42 елді мекенде жалғасын тапты. Акцияға ауыл тұрғындарын да бірауыздан қолдау танытып келеді.

 «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы аясында «Жасыл белдеу» өңірлік жоспарына сәйкес биыл 17 гектар жер учаскесіне 20 мың түп ағаш көшеттері егілмек. Оның ішінде 14 100 түп қарағаш, 4 700 түп терек, 500 түп ясень (ерен) талы, 200 түп туя көшеті бар.