«8 ұлттың өкілі құлшылық етеді»: Үрімжідегі қытай стиліндегі мешіт

Автор: Аягөз Құрмаш

Ғимарат аумағы 2,6 мың шаршы метрге тең 

Фото: Azattyq Ruhy

Шыңжан орталығы Үрімжіде 2016 жылы қытай стиліндегі мешіт ашылған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy. 

Мешіттің тұрпаты көз үйренген күмбез емес, қытай стилімен ерекшеленген. Жалпы ғимараттың ауданы 2600 шаршы метрді алып жатыр. Ал, ғибадат ететін залдың көлемі мың шаршы метрден асады. Мешіт үш қабаттан тұрады. Онда 8 қызметкер жұмыс істейді. 

Мешіттің бас имамы Алланың үйіне 800-ге жуық адам құлшылық етуге келетінін айтты. Күн сайын 100 адам ғибадат етуге келсе, жұма күндері 400, Құрбан айт кездері 700-ге жуық адам келеді екен. 

Мешіттің бас имамы атағандай, бұл мешіт 8 этникалық ұлттың өкілі үшін құлшылық ететін орынға айналған. 

«Олар: ұйғыр, дүнген,қазақ, сала және өзге ұлттар. Олардың барлығы береке-бірлікте өмір сүріп жатыр деп айтуға болады. Барлық мұсылман бауыр деген қағидаға берік. Сондай-ақ мешітте жаназа шығарылып, мәйітті жуатын бөлмелер де бар. Спорт залы мен көлік жуу қызметі де келушілерге жұмыс істеп тұр»,- дейді бас имам Чен Юн. 

Имамның айтуынша, мешіт ішінде шәкірт тәрбиелеуге арналған кітапхана да бар.

«Мұсылмандарды оқытуға арналған мыңнан астам кітап бар»,- дейді ол.