Қосшы қаласын бизнеске қолайлы ететін факторлар қандай

Автор: Azattyq Rýhy

Қазір қалада 3226 кәсіпкер тіркелген

Фотоколлаж: Azattyq Rýhy / Әбілқасым Есентаев

Қосшы - инвестициялық әлеуеті жоғары, бизнеске қолайлы микроклимат қалыптасқан Ақмола облысындағы болашағы зор бірден бір қала, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Қосшының Астанаға жақын орналасуы және қала халқының жылдам өсуі, сондай-ақ, басқа мемлекеттік түрлі қолдау шараларының кеңеюі кәсіп ашқандарға зор мүмкіндіктер беріп отыр. Қалада шағын және орта кәсіп субъектілерінің саны жыл сайын артып келеді. Нақты санмен мысал келтірсек. Қосшы қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі берген мәліметке қарағанда, қалада 2021 жылы 1549 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі болған. Ал 2024 жылы Қосшыда 3226 кәсіпкер тіркеліп, жұмыстарын жүргізіп жатыр. Екі-үш жылдың ішінде кәсіпкерлер саны бірнеше есеге өскен.

«Қаланың елордаға іргелес орналасуы және кәсіпкерлерге ыңғайлы бизнес жүргізу үшін инфрақұрылымдардың жақсаруы өңірдегі шағын және орта кәсіпкерлер санының айтарлықтай өсуіне себеп. Қазіргі сәтте 3226 кәсіпкер тіркелген. «Қосшы Сити» сауда-ойын сауық орталығы кәсіпкерлер үшін жақсы бизнес алаңға айналды. Ойын-сауық  орталығының айналасы толығымен жабдықталған. Көліктер қоюға автотұрақтар және басқа инфрақұрылым адамдардардың келіп-кетуіне ыңғайлы жағдай жасайды. Аталған орталық аумағында апта сайын ауыл шаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі ұйымдастырылады. Жәрмеңкеде жергілікті кәсіпкерлер өздерінің таза әрі табиғи өнімдерін сата алады», - дейді Қосшы қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы Еділ Қабыкенов.

Бұдан бөлік қалада ірі кәсіпорындар саны көбейіп, қосымша жұмыс орындарын ашып жатыр. Мәселен, жуырда Қосшыда құс етінен өнімдер жасайтын кәсіпорын ашылды. Жылдық қуаты 3000 тоннаға  дейін жететін өндіріс ошағы құс етінен жартылай фабрикат өнімдерін өндіреді.  Аталған кәсіпорын 80 жаңа жұмыс орнын қамтамасыз етті.

Қосшыда көптен бері жұмыс істеп келе жатқан «Сапа су» зауыты 2021 жылы президенттік «Алтын сапа» премиясының иегері болды. Өндіріс орны су құбырларына, канализацияға, дренажға, электрмен жабдықтауға, мелиорацияға, телекоммуникацияға, ағынды суларды тазартуға және жаңбыр суын төгуге арналған темірбетонды бұйымдар шығарады. Зауыт бұйымдары республикамыздың бірқатар облыстары мен қалаларына жеткізіледі. Оның үстіне компания жаңа инновациялық қаптамасы бар гидрооқшауланған темірбетон құбырын шығаратын еліміздегі санаулы кәсіпорындардың бірі деуге болады.

«Ірі кәсіпорындар жаңа жұмыс орындарын қамтамасыз етеді және қаланың экономикалық-әлеуметтік тірегі болады. Сондықтан бұл бағытта да жұмыстарды жандандыру үшін түрлі қолдау шаралары бар. Қаламызда қазіргі кезде 10-ға жуық ірі кәсіпкерлік ұйым өз жұмысын дөңгелетіп отыр. Атап айтатын болсам, «Astana sapa» ЖШС-нің Aq anyz кондитерлік цехі. Цех жылына 10 тоннаға жуық өнімдер дайындап отыр. Қосшы Сити ашылғанға дейін апта сайынғы қалалық өнімдер жәрмеңкесі Лесная поляна тұрғын аумағында орналасқан Aq anyz кондитерлік цехі аумағында ұйымдастырылатын. Сонымен қатар Қосшыда жасанды мрамор өндіретін фабрика бар. Кәсіпорын жылына 403 млн теңгеге дейін жасанды мрамор өндіруге қауқарлы. Онда 20 адам жұмыс жасайды. Ерекше айта кетерлігі мұндай кәсіпорындар саны өсуде», - дейді Қосшы қаласының кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы.

Жалпы қалада кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау шаралары жан-жақты жүргізілуде. Өткен жылы 10 кәсіпкерге 400 АЕК дейін (1 АЕК - 3692 теңге- авт.) қайтарымсыз грант берілген.

«Кәсіпкерлікті дамытудың 2022-2025 жылдарға арналған ұлттық жобасы аясында былтыр 10 жобаға қайтарымсыз қаражат берілді. Осы мемлекеттік көмектің арқасында 10 кәсіпкер сұлулық салонын, тігін ательсін, глютенсіз нан-тоқаш өнімдерін шығаратын шағын цех, сүт өнімдерін алатын мал басын өсіру, шағын наубайхана, хирургиялық кабинет, калифорниялық құрт өсіретін кәсіптер ашып, нәпақа тауып отыр. Осы жылы да кәсіп бастаушыларға қайтарымсыз гранттар беру жоспарланып отыр» - дейді Қосшы қаласы Мансап орталығының директоры Махаббат Исина.

Қосшы қала болғаннан кейін оның қызығын кәсіпкерлер де көре бастаған. Құжаттарды жөндеу үшін Көкшетауға немесе Ақмолға сабылып барудың қажеттілігі тоқтаған. Себебі қала мәртебесі түрлі мемлекеттік ұйымның көшіп келуіне бірден-бір себеп болған.

«Қосшы қала болғаннан кейін көптеген мүмкіндіктер ашылды. Бұрындары кәсіпкерлікпен байланысты кейбір құжаттарды жасау үшін Ақмол ауылына немесе қажет болса Көкшетауға дейін баратынбыз. Бұл көп уақыт пен қаржыны қажет етті. Ал бизнесте уақыт аса маңызды. Қазір бәрі жақсарып келе жатыр. Қосшы қала болған соң салық бөлімі және кәсіпкерлерді қолдайтын «Атамекеннің» филиалы ашылды. Сонымен қатар Халыққа қызмет көрсету орталығының жұмысы да кеңейіп, құжаттарды жылдам реттеуге мүмкіндіктер пайда болды. Бұдан бөлек түрлі екінші деңгейлі банктер де филиалдарын ашып, кәсіпкерлерді тиімді қаржыландырудың тетіктерін ұсынуда. Астанадан қарағанда Қосшыда жұмыс жылдам бітеді. Мүмкін шағын болғаннан соң шығар. Бұл процестер біздің жұмысты айтарлықтай жеңілдетті деп нақты айта аламын», - дейді «Asyl-Tumar» жеке кәсіпкерлігінің директоры Мақпал Ахметова.

Мақпалдың айтуынша, ол «Даму» кәсіпкерлікті қолдау қоры арқылы екінші деңгейлі банктен 15 млн теңге несие алып, өзінің кәсібін кеңейткен.

«Біздің саламыз полиграфия, баспа өнімдері. Полиграфияның құрылғылары өте қымбат тұрады. Оны кәсібін енді бастаған адамдардың алуға қаржылық мүмкіндіктері жете бермейді. Мысалы мен шамамен біреуі 3-4 млн теңге тұратын 3 құрылғы сатып алдым. Бұл құрылғылар қосшылықтарға жоғары сапалы полиграфия қызметтерін ұсынуға зор мүмкіндік ашты. Құрылғыларды банктерден несие арқылы алғанда, оның үстінен төлейтін пайызы өте жоғары, оны өзіңіз өте жақсы білесіз. Алайда мемлекеттік қолдаудың арқасында мен тиімді ставкамен қаражатты қысқа уақытта жылдам алып, бизнесімді кеңейттім. Менің Астанада тұратын кәсіпкер таныстарым бар. Олар ол жақта бұл процестердің тым ұзақтау болатынын айтады. Бізде керсінше егер талаптарғай сай болсаң процесс жылдам жүреді», - дейді кәсіпкер.

Астанамен салыстырғанда Қосшыда күнделікті тұтынатын тауар мен көрсетілетін қызмет бағасы арзан дейді кәсіпкер Мақпал Ахметова. Оның айтуынша, бағаның арзан болуына ғимараттарды жалға алу құны, халықтың тығыз орналасуы және басқа да факторлар әсер етеді.