Ол көпшілікке Нүкенованың Баталовқа қатысты сұраққа жауап берген сәтін тыңдатты
Экс-министр Қуандық Бишімбаевқа қатысты сот отырысында танымал кәсіпкер Райымбек Баталовтың да есімі аталған болатын. Көпшіліктің көкейінде жүрген сұраққа Салтанат Нүкенованың ағасы Айтбек Амангелді жауап берді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Ол өзінің Instagram парақшасында видео жариялады.
«Бүгін басты сот тергеуі аяқталды. Бүгін біз бейнежазбаларды қайта қарадық және мен қазір бір мәселенің нүктесін қойғым келеді. Өйткені бұл өте маңызды. Мен бұл туралы соңғы рет айтып отырмын деп үміттенемін. Қазір Линара және Райымбек Баталовтарға хейт кетіп жатқанын білемін. Мен олар да сот отырысынан зардап шеккен басқа да тараптар секілді жәбірленуші деп ойлаймын. Сотталушының ойындағы нәрсе - тек оның басындағы нәрсе. Кеше біз телефоннан бейнежазбаны қараған кезде судья вилеолардың аяқ жағынан бастап қойды, сондықтан көпшілік түсінбей қалды. Видеоның басында Салтанат ұзақ уақыт бойы өзіне қойылған сұрақтарға нақты жауап береді, ал айыпталушы өзіне керекті жауапты алмайынша қайталап қоя берді.
Бүгін біз сот отырысында кейбір бейнежазбаларды қайта қарауға мәжбүр болдық, өйткені қорғаушы тарап кейбір деректерді жоққа шығарды», - дейді Айтбек Амангелді.
Айтбек Амангелді көпшілікке түсінікті болуы үшін бұл видеоны тағы қойып, Салтанаттың жауабын тыңдатқызды. Бейнежазбада Нүкенова Бишімбаевтың «сен онымен жақындастың ба?» деген сұрағына бірнеше рет «жоқ, ешқашан» деп жауап береді.
Айта кетейік, кеше, 24 сәуір күн Бишімбаев ісі бойынша сот аясындағы тергеулер аяқталды. Тараптардың пікірталас уақыты 29 сәуірге белгіленді.