Қорғаушылардың айтуынша, телефонда «аса қатігездікпен адам өлтіру» мен «азаптау» туралы айыптарды жоққа шығаратын дәлелдер бар
Бүгін, 22 сәуірде Астанада экс-министр Қуандық Бишімбаев пен оның інісі Бақытжан Байжановқа қатысты сот отырысы жалғасты. Қорғаушы тараптың адвокаты Ерлан Ғазымжанов Қуандық Бишімбаевтың телефонының құпия кодын судьяға беруге қарсы екенін жеткізді, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.
Оның айтуынша, телефонда «аса қатігездікпен адам өлтіру» мен «азаптау» туралы айыптарды жоққа шығаратын дәлелдер бар.
Бұдан бұрын сотталушы телефонының кодын тек қорғаушыларына ғана айтамын деп судьяға қарсы шыққан болатын.
«Сот телефонды Бишімбаевтың өзі ашып берейін десе, оған мүмкіндік бермей отыр. Біз телефонды соттың қолына берсек, оның ішіндегі материалдар өзгеріп кете ме деп қауіптенеміз. Осыған байланысты Қуандық Бишімбаев телефонын өзі ашып берсін, соған рұқсат беруіңізді сұраймыз. Материалдар зерттелген соң біз сотқа құпия сөзін айта аламыз»,- деді адвокат Ғазымжанов.
Судья Ғазымжановтың өтінішін қанағаттандырудан бас тартты.