Семейде саунаға келгендерге жеңгетайлық қызмет көрсеткен зейнеткер әйел жауапқа тартылды

Автор: Azattyq Rýhy

Ол әр тапсырыстан орта есеппен 15-25 мың теңге көлемінде ақша алып отырған

Фото: polisia.kz

Семейлік зейнеткер әйел саунаға келгендерге жеңгетайлық қызмет көрсеткен. Жергілікті ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаментінің қызметкерлері заңсыздықтың алдын алды. Бұл туралы Абай облыстық полициясының баспасөз қызметінен мәлім етті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.

Департамент мәліметінше, зейнеткер әр тапсырыстан орта есеппен 15-25 мың теңге көлемінде ақша алып отырған.

Тінту кезінде тәртіп сақшылары қолма-қол ақша мен басқа да заттай айғақтарды тәркіледі. Жеңгетайлықпен айналысқан зейнеткер 9 жезөкшеге клиент тауып беріп отырған. Оның үшеуі қазақстандық, алтауы – Өзбекстан азаматы.

«Айыпталушыға қатысты Қылмыстық кодекстің 309-бабының 1-бөлігі «Жезөкшелікпен айналысу үшін притондарды ұйымдастыру немесе ұстау» бойынша сотқа дейінгі тергеу жүргізілді», - делінген ақпаратта.

Зейнеткер шартты түрде екі жылға бас бостандығынан айырылды, пробациялық бақылау орнатылды. Сынақ мерзімі бұзылған жағдайда сот шартты жазаның күшін жойып, оны нақты жазамен ауыстыруы мүмкін.