Әлемдегі ең үлкен сарай кешені: Қытайдағы Жабық қаланың құпиясы

Автор: Аягөз Құрмаш

Ол 24 билеушінің резиденциясы болған

Фото: Azattyq Ruhy

Бейжіңнің Тяньаньмэнь алаңында әлемдегі ең ірі сарай кешені Жабық қала орналасқан. Ол Гугун музейі атауымен де танымал. Қаланың ішінде өзі бөлек қала болып қалыптасқан Жабық қаланың аты затына сай, қамалмен қоршалған, деп хабарлайды Azattyq Ruhy.

Жабық қала 1420 жылы, яғни елді Мин әулеті басқара бастаған кезеңде салынған. Бүгінде бұл Қытайдағы ең жақсы сақталған император сарайы және әлемдегі ең көне сарай кешендерінің бірі.

Бүгінгі күні бұл тарихи қалаға жету үшін үш қақпадан өту керек. Олар - Тяньаньмэнь, Дуаньмэнь және сарайдың басты қақпасы - Умэнь. Жабық қаланы тамашалауға келгендердің қарасы аз емес. Оның кіреберісінде ұзын-сонар он қатарлы кезек қалыптасты.

Қалада 800-ден астам ғимарат пен 10 000-ға жуық бөлме бар. Бұл жерде оңай адасып кетуге болады. Жабық қаланың ішін аралап шығу үшін бір күн жетпейді. Себебі, қаланың қақпасынан кіріп, соңындағы есігін жауып шығу керек.  

Жабық қалада шетелдік туристерден қарағанда қытайлықтар басым. Қытайда ішкі туризм жақсы дамыған. Ел халқы көрнекті жерлерге экскурсия жасап жүреді.

Бес ғасырдан астам уақыт бойы тыйым салынған қала Мин және Цин әулеті императорларының ресми резиденциясы болды.

Жабық қала деп аталуы кезінде оған қарапайым адамдардың кіруіне тыйым салынған. Ол үшін арнайы рұқсат қажет болды. Сарайда императорлар, олардың туыстары, күңдер, евнухтар, сондай-ақ қызметшілер мен сарай қызметкерлері тұрған. Сонымен қатар, сарайдың кейбір бөліктеріне императорға жақын адамдардан басқа адамдардың кіруіне тыйым салынды. Қазір қала ішіндегі сарайларға кіруге болмайды. Тек қаланың ішінде серуендеп, сарайлардың сәулетімен танысауға болады.

Сондай-ақ сарайлардың ұшар басында орналасқан жануарлардың мүсіні ерекше маңызға ие. Егер сарай үстіндегі жануарлардың саны көп болса, бұл императорлардың мықтылығы мен пәрменділігін көрсетеді. Мына сарайлардың үстінде 12 мүсін бейнеленген.

Тасбақа, піл, айдаһар сынды жануардар сарай кіреберісінен орын тепкен. Олар да белгілі бір киенің нышаны іспеттес.

Тыйым салынған қала қираған Юань әулетінің императорлық сарай тұрған орынға салынған. Бұл орын фэн-шуй бойынша сәтті жер.

Жабық қалада 800 ғимарат пен 9000-ға жуық бөлме, сонымен қатар көптеген бақ пен аулалар бар. Сәнді интерьерлер сансыз өнер туындыларымен және баға жетпес тарихи артефактілермен толтырылған.

Кешен екі бөлікке бөлінеді: сыртқы және ішкі аулалар. Сыртқы жағынан император келушілерді қабылдаған, ал ішкі жағынан императордың отбасы мүшелерінен басқа ешкімге кіруге рұқсат жоқ болған.

Жабық қала Қытайда мұқият қорғалатын орындардың бірі болған. Қауіпсіздік жүйесі өте күрделі болды. Онда бірнеше қорғаныс деңгейлері және император мен оның отбасын қорғау міндеті жүктелген патша күзетшілері болған.

Бүгінде сарай 7 ғасыр бұрынғы кейпін сақтап, императорлардың рухын насихаттап тұрғандай. Өйткені, сарайды аралауға келгендер арасында қытайдың ұлттық киімін киіп, ұлттық кодты сақтап жүргендер өте көп. 

Тегтер: