Ұсталған жүргізушілердің барлығы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынды
Шығыс Қазақстан облысында жыл басынан бері 362 жүргізуші мас күйінде көлік басқарған. Олардың 22-сі бұрын жүргізуші куәлігінен айырылғандар, деп хабарлайды Azattyq Rýhy.
Облыстық полиция департаментінің мәліметінше, ұсталған жүргізушілердің барлығы 15 тәулікке әкімшілік қамауға алынып, 7 жыл көлік жүргізу құқығынан айырылған.
Егер көлік иесі жүргізуші куәлігінен айырылып, рульге қайта отырса, қылмыстық жауапкершілік пен бас бостандығынан айыру жазасы қарастырылған.
«Мас жүргізуші өзі үшін ғана емес, жол қозғалысының барлық қатысушылары үшін де қауіпті. Кейбіреулер алкогольдің шамалы мөлшерін тұтынудан ештеңе болмайды деп санайды, бірақ алкоголь жалпы реакциялық процестерді төмендететінін және зейінді нашарлататынын естен шығармау керек», - деді ШҚО ПД баспасөз қызметі.
Тәртіп сақшыларының айтынша, мас жүргізушіге жол жүрісі қағидаларын сақтау қиынырақ, олар тежегіш пен газ педальдарын шатастырады, белгілерді, бағдаршамдарды, жаяу жүргіншілерді, басып озу маневрін жасаған және қарсы жолақта келе жатқан машиналарды көрмейді, кейде оларды мүлдем елемейді. Дәл осындай жағдай есірткіге масаю жағдайында да болады. Мұның бәрі жол-көлік оқиғаларына, соның ішінде өлімге әкеп соқтыруы мүмкін.